Қазақстанның Қытайға астық экспорттауға талпынысы нәтижесіз болып отыр - «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстанның Қытайға астық экспорттауға талпынысы нәтижесіз болып отыр.
Бұл пікірді бүгін елордада Премьер-Министрінің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің төрағалығымен Экспорттаушылар кеңесі отырысында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары Бейбітхан Қабдырахманов білдірді.
Өз сөзінде ол еліміздің батысында, Иран бағытында «Өзен - Түрікменстан мемлекеттік шекарасы» теміржол желісі салынып жатқандығын айта келіп: «Құрылыс аяқталғаннан кейін Қытай бағыты бізге қызығушылық танытпайтын болады. Өйткені Таяу Шығыс пен Иранға экспорт көлемі артады», - деді.
Сонымен қатар 2009 жылдан бері еліміздің Қытай нарығына және осы елдің аумағы арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне астық тасымалдауға талпыныс жасап отырғандығын баса айтқан Б.Қабдырахманов: «Қазіргі уақытта бұл талпыныс сәтті бола қойған жоқ. Қытай тарабының талабы өте қатаң», - деді.
Оның айтуына қарағанда, еліміздің астығын Қытай аумағы арқылы тасымалдау барысында отандық вагондардың дөңгелегін ауыстыруға тура келеді. Бұл өз кезегінде бір тонна астықтың бағасының 50 долларға қымбаттауына түрткі болады.