Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанның Мәскеудегі Елшілігінің ғимараты Мемлекет басшысының резиденциясы үшін емес, қызметкерлерге арналған - ҚР СІМ

АСТАНА. 29 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев Чистопрудный бульварындағы ғимараттың бір бөлігін заңсыз сатып алу туралы іске түсініктеме берді. Үкіметаралық келісімге сәйкес, ол қазақстан Елшілігіне арналған еді.

Қазақстанның Мәскеудегі Елшілігінің ғимараты Мемлекет басшысының резиденциясы үшін емес, қызметкерлерге арналған - ҚР СІМ

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін бірнеше БАҚ белгісіз алаяқтардың әрекеттерінен Мәскеудегі дипломатиялық миссия 120 млн. рубльді жоғалтып, Қазақстан Президентінің резиденциясын Ресей астанасының ортасында орналастыру мүмкіндігінен айырылғанын жариялады. Бүгін журналистердің сұрақтарына жауап берген А.Әбибуллаев ғимараттың ҚР Президентінің резиденциясына арналмағанын мәлімдеді.

«Ресейлік және қазақстандық БАҚ-тағы бұл ғимараттың Мемлекет басшысына арналғаны туралы күмәнді ақпаратты теріске шығарғым келеді. Жоқ, бұл ғимарат Елшіліктің қызметкерлері, оның функциональдық міндеттері үшін арналған - осыған ерекше назар аудартқым келеді», - деп атап өтті А.Әбиболлаев.

«Біз ресейлік тараптың құқық қорғау органдарына тиісті өтініш жолдадық. Аталмыш мәселемен Мәскеудің құқық қорғау органдары айналысатын болады және біз ресейлік тараптың бұған дейін қабылдаған міндеттемелерді еске ала отырып қол жеткізген уағдаластықтарды орындау үшін барлық қажетті шараларды қолданатынына үміттенеміз», - деп қосты ол.