Қазақстанның Ресей арқылы өтетін транзиттік пойыздарынан жолаушылардың түсіп қалу мүмкін емес - Асаубаев
Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің отырысында «1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы теміржол көлігі кәсіпорындарының, мекемелері мен ұйымдарының қызметін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралған болатын. Отырыстан кейін БАҚ өкілдері Әсет Асаубаевтан Қазақстанның транзиттік пойызы Ресей аумағы арқылы өтіп бара жатқанда одан жолаушылардың түсіп қалуы мүмкін бе деп сұраған еді.
«Мұндай оқиғаны болдырмау үшін тасымалдаушыға жауапкершілік жүктелген. Өздеріңіз де білетіндей, депутаттардың бастамашылық етуімен бұған дейін парламентте көлік мәселелері жөніндегі заң жобасы қабылданған болатын. Онда «басқа орындар» деген түсінік енгізілген. Сонымен қатар басқа орындар арқылы өткенде бақылау жүзеге асырылатын учаскелерде пойыздардың өту жауапкершілігі тасымалдаушыға жүктелген. Осыған орай мұндай оқиғаны болдырмау міндеті тасымалдаушыға жүктеледі. Бұған қоса, шекара арқылы жүрдек пойыздар өтеді. Ал олардың есіктері қозғалыс барысында ашылмайды»,- деді Асаубаев.
Ал комитет отырысында негізгі баяндама жасаған Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр өз сөзінде хаттамамен өзге елдің аумағында орналасқан бір елдің теміржол учаскесінде жүк операцияларын жүргізу үшін стансаларды ашу және жабу тәртібі регламенттелетіндігін, шекаралық аймақтардағы жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселелері қарастырылғанын атап өтті.
Сенаторлар заң жобасын талқылағаннан кейін оны палатаның жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.