Қазақстанның Ресейдегі Елшісі қазақстандық ардагерлермен кездесті
ҚР Елшілігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, З.Тұрысбеков қонақтарды Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен, елді жеделдете дамытудың индустриялық-инновациялық бағдарламасымен, жақында Минскіде қол қойылған Ресей, Беларус және Қазақстан Кедендік одағы туралы келісіммен және оның перспективаларымен таныстырды, Елшілік ұйымдастыратын перспективадағы шаралар туралы әңгімелеп берді.
Атап айтқанда, дипломатиялық миссия басшысы келесі жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеу ауқымында Алматыдан Мәскеуге Жеңіс пойызы аттанатынын айтты. Үш жүз ардагер және қаза болған жауынгерлердің туыстары шайқастар болған жерге қазақ жерінен топырақ салынған капсуланы жеткізеді. Бұдан басқа, келесі жылдың жазында жамбылдық ізшілер 1941-1943 жылдары кескілескен шайқастар өткен Ржев ауданында болады.
Елші ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың республиканың жасампаздық дамуына қосқан зор үлесі үшін ардагерлерге алғысы мен сәлемін жеткізді. Оның айтуынша, қазақстандық ардагерлердің арқасында біздің республика артта қалған аграрлық аймақтан жетекші индустриялы мемлекетке айналды.
Өз кезегінде, ардагерлер де әрдайым қолдау көрсетіп, көңіл бөліп отырғаны үшін Елшілікке алғысын жеткізді.