Қазақстанның сапалы астығын алуға ниетті елдер саны артып келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтыр астық экспортынан Қазақстан 1 млрд. доллардан астам кіріс келтірді. Ауыл шаруашылығының бұл саласы бүгінде ел экономикасына қомақты қаржы түсіруге қауқарлы болды. Ендігі мақсат - бұл көрсеткішті төмендетпей, қазақстандық өнімді импорттауға дайын елдердің аумағын кеңейту.
None
None

«Жалпы бидай экспортынан жиынтық табыс соңғы 4 жылда 2,5 есеге жуық көрсеткішке өсті. Бүгінде статистикалық мәліметтерге қарағанда, 2013 жылы бидай экспортынан жалпы жиынтық табыс 1,2 миллиард долларды құрады. Мәселен, 2009 жылы экспорттан түскен пайда 600 миллион долларға тарта қаржыға жеткен болатын», - деді Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ коммерциялық директоры - басқарушы директоры Нұрбек Дайырбеков.

Мәселен, Ресей жағы 2000 жылдардың аяғында қазақстандық астықты алуды тоқтатқанымен, алайда Кеден одағы құрылғалы Ресей тарапы соңғы екі жылда қазақстандық бидайдың импортын арттырып отыр. Осы орайда Ресей Қазақстанның астық нарығындағы маңызды қатысушыларының біріне айналып келеді. «Егер 2009-2010 маркетингік жылдары бидайдың жалпы импорты жыл сайын 100 мың тоннаны құраса, ал ағымдағы және өткен маркетингтік жылдарында импорт көлемі миллион тоннадан асып түсті. Бұл өз кезегінде КО бүгінде тиісті деңгейде жұмыс істеп жатқандығын, тауарларды кіргізу мен әкімшілік кедергілер жеңілдетілгенін байқатып отыр», - деді басқарушы директор.

Бұған қоса 2014 жылы Қытай Қазақстаннан астық импортын арттырмақ ниетте екен. Биыл барлық бидайдың 14 пайызын Иранға экспорттау жоспарлануда. Ал Қытайға - 4 пайызға жуық астық бағытталады деп күтілуде. Яғни бұл тұрғыда осы көрсеткіш айтарлықтай артып отыр, себебі орташа алғанда 2009-2013 маркетингтік жылдарда Қытай 1 пайыз көлемінде импорттаған еді.

Атап айтқанда, еліміздің дәстүрлі нарықтары, яғни Ортаазиялық республикалардың нарықтары тұрақты және олар қазақстандық бидай мен ұнның импортына қызығушылық танытуда. Осы бағытта олардың тұрақты үлесі 44-45 пайызды құрап отыр.

Жалпы алғанда Қазақстан тарапы Парсы елдеріне экспорт әлеуеті жоғары екенін жақсы түсінеді. Еліміздің астық экспорттау нарықтары географиясы барынша кең екендігін атап өткен ол: «Егер Иран арқылы транзитке қатысты айтар болсам, онда біз Парсы шығанағының кез келген еліне шыға аламыз. Сонымен қатар біз осы кеңістіктегі өңірлерге де шығуға мүмкіншілігіміз бар», - деді.

Белгілі болғандай, Қазақстан Түркіменстан мен Иран шекарасында астық терминалын салуды жоспарлап отыр. Бұл маңызды қадам екенін атап өткен жөн. Иран қазақстандық бидайды дәстүрлі импорттаушы ел болып табылады және болжамдар бойынша биыл бұл ел 1,2 млн. тонна бидайды импорттауды көздеп отыр.

Егер бұрындары осы ел жылына 300-500 мың тонна бидайды алып жүрсе, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары болады.

Сонымен қатар «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» астық терминалдарын шығыс бағытта дамытуды жоспарлауда. Бұл өз кезегінде алдағы уақытта Қытай мен алыс шетелдерге экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде астықты өткізу үшін жаңа нарықтарға шығуға бізде барлық мүмкіндіктер бар.

Атап өтерлігі, 2014 жылы Қазақстанның астық экспортының әлеуеті 9,5 млн. тоннаны құрауы мүмкін. Бұл өз кезегінде кірістің де қомақты болатынын байқатады. Бүгінде еліміз астық экспорты бойынша әлемде жетінші орында. Сонымен қатар әлемдік бидай нарығында біздің үлесіміз бес пайызды қамтып отыр.

«ҚР АШМ есептеулеріне қарағанда, 2014 жылы астықтың экспорттық әлеуеті 9,5 млн. тоннаны құрайды. 20 сәуірдегі жағдай бойынша 2013-2014 жылдары Қазақстан 7,3 млн. тоннаға жуық бидайды экспорттады. Біздің ойымызша, АШМ атап өткен әлеуетке қол жеткізеді», - деді ол.

Осы орайда ол өткен жылы Қазақстанда 18,2 млн. тонна астық жиналғанын, оның 13,9 млн. тоннасы бидай екенін еске салып өтті.

«Бұл өз кезегінде астық экспорты үшін жақсы жағдайды қалыптастырып отыр», - деді Н.Дайырбеков.

Соңғы жаңалықтар