Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 15 пайызы Қытайдың үлесінде - Мәжіліс Төрағасы
АНА. 9 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 15 пайызы Қытайдың үлесінде. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Төрағасы Цзя Цинлинь мырзамен кездесуі барысында осылай мәлім етті.
«Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығы негізін сауда-экономикалық байланыстар құрайтыны анық. Бұл көрсеткіш екі тарап пайдасы үшін де қарқынды түрде дамып келеді. Жалпы, Қазақстанның сауда айналымы саласындағы әріптестері арасында Қытай төртінші орында тұр. Сонымен қатар, еліміздің сыртқы сауда айналымының 15 пайызы Қытайдың үлесіне тиесілі. Тек 2009 жылдың өзінде екі мемлекет жалпы көлемі 13 млрд. долларды құрайтын кредиттік келісімдерге қол қойды. Бұл өте ауқымды көрсеткіш. Бұдан бөлек, елдер арасында энергияның жаңартылатын көздерін пайдалану, атомды бейіт мақсатта қолдану секілді салаларда салмақты келісімдеріміз баршылық», -деді Мәжіліс Төрағасы.
Оның айтуынша, екі ел арасындағы саудалық байланыстардың айтарлықтай үлесі мұнай және газ құбырларының еншісінде болып отыр. Мәселен, ағымдағы жылы Қазақстан-Қытай мұнай құбыры арқылы 5 млн. тонна мұнай жөнелтілген, бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 1,5 есеге артық көрсеткіш. «2012 жылдың соңына таман іске қосылатын Қазақстан-Қытай газ құбыры жобасына сәйкес, біз жылына 30 млрд. куб газды осы бағытта тасымалдай алатын боламыз»,- деді О. Мұхамеджанов. Сонымен қатар, Төраға Қазақстанның астығы мен ұнын Қытай арқылы тасымалдау мәселесі де оң шешімін тауып отырғанын атап өтті.