Қазақстанның тағы 12 университеті білім беру үрдісін еуропалық стандарттар бойынша жүзеге асыру құқығына ие болды
АНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Үстіміздегі жылғы қыркүйектің 18-і күні Италияда Қазақстанның 12 жоғары оқу орны Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды.
Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Гүлзада Мұқтарова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Г.Мұқтарованың айтуынша, Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қою салтанаты қыркүйектің 17-18-і күндері Италияның Болон университетінде өткен аталмыш Хартияның кезекті 21 конференциясы барысында өтті. Оған қазақстандық 12 университеттің, барлығы 15 мемлекеттен 36 жоғары оқу орнының ректорлары қатысты.
«Білім және ғылым министрлігі соңғы екі-үш жылда қазақстандық ЖОО-ларды Университеттердің Ұлы Хартиясына тарту жұмыстарын белсенді жүргізіп, осы уақытқа дейін барлығы 30 университеттің аталмыш Хартияға қосылуына қол жеткізді», - деді ол.
Университеттердің Ұлы Хартиясы ЖОО-ларға қандай артықшылықтар беріп, нендей міндеттерді жүктейтініне тоқталатын болсақ, университеттер Хартияға қол қоя отырып, студенттерге академиялық және ғылыми зерттеулердегі бостандықтарын, яғни өз қалауы бойынша пәндер мен оқытушыларды таңдау мүмкіндіктерін жасауды міндетке алады. Өз кезегінде университетке автономды басқару артықшылығы беріледі. Бұл дегеніміз, ЖОО өзінің құзырына жататын мәселелерді өздігінен шешу, өз бюджетін қалауынша бөлу, студенттермен және оқытушылармен алмасып, олардың біліктіліктерін арттыру бойынша келісім-шарттарды өз бетінше жасау, білім беру бағдарламаларын өздігінен таңдау және осы сынды басқа да басымдықты құқықтарға ие болады.
Яғни, Хартияға қосылған университеттің білім беру және басқару үрдісі еуропалық стандарттарға сәйкестендірілуі тиіс.
Айта кетейік, қазіргі күні Қазақстанда жоғары білім беретін барлығы 144 университет бар. Университеттердің Ұлы Хартиясына бүгінде әлемнің 662-ден аса университеті қол қойды.