Қазақстанның тағы бір фармацевтикалық зауыты GMP стандартының халықаралық сертификатына ие болды
АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Бүгiн Астанада GMP бойынша "Фармацевтикадағы тиiстi өндiрiстiк тәжiрибе - сапаның жоғары стандарттарына жол" атты I Халықаралық конференция өтуде.
Оның барысында Santo Member of Polpharma Group (АО "Химфарм") қазақстандық зауытына GMP стандартының халықаралық сертификаты табысталды. Отандық зауыт аталмыш сертификатқа ие болып отырған еліміздегі төртінші компания.
"Мемлекет басшысы 2009 жылы отандық фармацевтика саласына бiрнеше мiндеттер жүктедi. Атап айтқанда, 2015 жылы нарықта қазақстандық дәрi-дәрмектердiң үлесiн 50 пайызға дейiн жеткiзу және барлық фармацевтикалық өнiмдердi GMP стандарттарына сәйкестендiру. Бұл мiндеттерге сенбейтiндер көп болды. Бiрақ бүгiнде қазақстандық 5 зауыт елде өндiрiлетiн барлық дәрi-дәрмектердiң 90 пайызын шығарып отыр. Ең алғашқы болып "Nobel" компаниясы Қазақстанда GMP стандартына қол жеткiзген болатын. Бiз 100 зауыт салатындай үлкен мемлекет емеспiз. Сондықтан 2015 жылға Елбасы қойған мiндеттердi орындаймыз деп сенемiн", - дедi "ФармМедИндустрия" қауымдастығының президентi Серiк Сұлтанов.