Қазақстанның үкіметтік делегациясы АҚШ-тың жетекші оқу орындарымен және медициналық орталықтарымен келіссөздер жүргізеді
ҚР-ның АҚШ-тағы Елшілігінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, Денверде Е.Орынбаев Колорадо штатының Тау-кен мектебімен (Сolorado School of Mines) келіссөздер өткізеді деп жоспарлануда. Аталмыш университет геологиялық барлау төңiрегiнде, табиғи қорларды өңдеу саласында қолданбалы зерттеулер жүргізетін, өндiрiс және тау-кен шикiзатын өңдеу бағытындағы ілім-білімді 1874 жылдан бері дамытып келе жатқан мәртебелi американдық жоғары оқу орны болып табылады. Келіссөздер нәтижесінде «Назарбаев Университеті» АҚ мен Колорадо мектебі арасында стратегиялық әріптестік жөнінде келісімшартқа қол қойылмақ.
Сонымен қатар, «Кәсіпқор» Холдингі» АҚ мен «Американдық кеңес» үкіметтік емес ұйымы (American Councils) арасында меморандум жасалмақ. Меморандумда АҚШ-тың ең үздік техникумдарын тарту арқылы Қазақстандағы кәсіби-техникалық білім беру саласын дамыту әріптестігі жөніндегі келісімдердің негізгі шарттары бекітілетін болады. Бұл келіссөздер шеңберінде қазақстандық оқытушылардың біліктіліктерін АҚШ-та арттыру бойынша да бірқатар сөзбайламдар жасалады деп күтілуде.
Сондай-ақ, сапар барысында, Е.Орынбаев Питтсбург Университетінің басшылығымен кездесуді және университеттің алдыңғы қатарлы зертханалары мен медициналық орталықтарын аралауды жоспарлауда. Әсіресе бұл кездесуде Онкологиялық ауруларды зерттеу институты (University of Pittsburgh Cancer Institute) және Обыр дерттерін зерттеу орталығы (UPMC CancerCenter) қазақстандық делегацияның үлкен қызығушылығына ие болмақ. Себебі Астанадағы Ұлттық онкологиялық зерттеу орталығын құру барысында Қазақстан олардың көп жылғы тәжірибелерін қолдануға ниеттеніп отыр.
Аталмыш келіссөздердің тиімділігін арттыру мақсатында делегация құрамында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ-ның өкілдері бар.