12:21, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Қазақстанның Ұлттық инженерлік академиясы мен Ресей инженерлік академиясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат – Мәскеуде 1500 академик пен корреспондент-мүшелердің, көрнекті ғалымдар мен инженерлердің басын қосатын Ресей инженерлік академиясының жиналысы болып өтті.
Жиында Ресей академияның президенті Б.В.Гусев академияның жұмысы туралы есептік баяндама жасады. Жиында талқыланған мәселелердің бірі - Ресей инженерлік академиясының ұлттық инженерлік академиялармен өзара қарым-қатынасы болды. Б.В.Гусев инженерлік білім, ғылым, техника, инновациялық технологияларды дамыту саласындағы Қазақстанның Ұлттық инженерлік академиясымен арадағы табысты байланысты атап көрсетті. Академик Қазақстанның Ұлттық инженерлік академиясының Ресей инженерлік академиясымен 20 жыл бойы белсенді ынтымақтасып келе жатқанын айтты. ҚазАқпаратқа Ұлттық инженерлік академияның баспасөз қызметінен хабарлағанындай, жиынға қазақстандық академияның атынан ғылыми-техникалық бағдарламалар және халықаралық байланыстар департаментінің директоры Н.С. Шәріпова қатысты. Жиын аясында сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы мен Ресей инженерлік академиясының арасында инженерлік кадрларды дайындау, ғылымды дамыту және ғылыми-техникалық прогресс саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.