Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің топ-менеджерлері Ұлыбританияда білімін жетілдіріп қайтты

АЛМАТЫ. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің делегациясы ақпанның 7-сі мен 12-сі аралығында Лондон университеттік колледжіндегі (UCL) басқарушы менеджерлердің біліктілігін арттыруға арналған семинарға қатысып қайтты,

Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің топ-менеджерлері Ұлыбританияда білімін жетілдіріп қайтты

деп хабарлайды ҚазАқпарат университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлыбританияның академиялық қауымының өкілдері Қазақстанның жоғары білімі мен ғылым жүйесіндегі реформаларға жақсы баға беріп, Астанада әлемдік үлгідегі жаңа оқу орнының ашылуының маңыздылығын атап өтті. Бұл сапар барысында қазақстандық делегация Ұлыбританияның Білім және инновация министрінің орынбасары Кэрол Свини ханыммен, UCL Президенті Малколм Грантпен және Британ кеңесі мен Британ Зерттеу Кеңесінің жетекшілерімен кездесті. Онда тараптар екі жақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талдады. Соның бірі қазақстандық және ағылшындық оқу бағдарламасының сәйкестіктері, профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттердің жинақылығы, әлемнің жетекші аккредитациялық агенттіктерінде отандық оқу бағдарламаларының халықаралық акредитациядан өтуі жөнінде болды.

Кездесу соңында тараптар әріптестік туралы келісімге қол қойып, студенттер алмасу, ҚазҰУ-да ағылшындық профессорлардың шеберлік сыныптарын ұйымдастыру, оқу бағдарламаларын халықаралық аккредитациялау жайында өзара уағдаластыққа қол жеткізді.

Жалпы Лондон Университеттік колледжі - «Таймс» рейтингінде бірнеше онжылдықтардан бері Ұлыбританияның ең үздік жоғары оқу орындарының тізімінде бесінші орыннан түскен емес. Ол Ұлыбританияның ең беделді университеттерінің «G5» - тобының мүшесі, ал Оксфорд пен Кембридж университеттерінің тобында «Алтын үшбұрышты» құрайды.

Бұл сапар кезінде сондай-ақ ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов Миддлсек және Кембридж университеттерінде болып, оқу орындарының басшылығымен кездесті. Әлемдегі жоғары оқу орындарының арасында алғашқы сатыдағы Кембридж университеті түлектерінің ішінде 61 Нобель сыйлығының лауреаты бар. Осы кездесулерде университет басшылары оқу үдерісін ұйымдастыру, ағылшындық ЖОО-дағы несиелік технологиямен оқытуды жүзеге асыру және бірлескен ғылыми жобаларды құру мәселелерін қарастырды.