Қазақтың ұлы тұлғалары бейнеленген патриоттық портреттер пайда болды (ФОТО)

«Абай, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Мұстафа Шоқай сияқты тұлғалардың бейнесін халық жақсы таниды. Бірақ қазақ халқының өзге де тума таланттары мен дарындары, мысалы, ақын Тайыр Жароковтың, академик Қаныш Сәтбаевтың, болмаса, Әбілхан Қастеевтің түр-әлпеттерін халық көп танып-біле бермейді. Олардың атақтары бар, халық есімдерін білгенмен, бейнесін көп көрмейді. Сондықтан жобаның мақсаты - осындай портреттер арқылы жастар білімді тұлғалардың есімдерімен ғана емес, бейнелерімен де танысса»,- дейді igraphic.kz дизайн-бюросының арт-директоры Владимир Лукашов. Ілкі жоба ретінде жазушы Мұхтар Әуезов, ғалым Қаныш Сәтбаев, батыр Бауыржан Момышұлы, суретші Әбілхан Қастеев пен көзі тірі ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтердің бейнесі таңдалған екен. «Бұл суреттердің астына біз міндетті түрде қазақстандықтарға күш-жігер беретін, алға бастайтын жалынды сөздер жаздық және болашақта салған туындыларда да осындай жазулар болады», - дейді жоба жетекшісі Бағлан Айдашов. Оның айтуынша, бұл жобаның басы ғана. Болашақта қазақтың өзге де игі жақсылары бейнеленген портреттер салынып, коллекция жиналғанда, оқу орындарына сыйлық ретінде таратылады деп жоспарланып отыр.