Қазатомөнеркәсіп пен қытайлық компаниялар атом саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің ҚХР-ға жасаған жұмыс сапарының аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқармасының төрағасы Асқар Жұмағалиев пен CGNPC (China General Nuclear Power Corporation) бас директоры Чжан Шанминь (Zhang Shanming) Қазақстанда жылу бөлетін құрастырулар өндірісі бойынша зауытты жобалау және салу және ҚР-да уран кен орындарын бірлесіп өңдеу бойынша коммерциялық талаптар туралы келісімге қол қойды.
Құжат «Үлбі металлургия зауыты» АҚ-да ҚХР-ның электр стансалары үшін өндірістік қуаттылығы жылына 200 тонна болатын жылу шығаратын құрастырмалар өндірісін құруды қарастырып отыр.
Сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы, China National Nuclear Corporation және CITIC Group Corporation арасында ынтымақтастық ниеті туралы үшжақты келісімге қол қойылды.
Құжатқа «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқармасының төрағасы Асқар Жұмағалиев, «China National Nuclear Corporation» президенті Циянь Жиминь (Qian Zhimin) және «CITIC Group Corporation» төрағасының орынбасары және президент Ванг Жонг (Wang Jiong) қол қойды.