«ҚазАвтоЖол»: көктайғақ салдарынан көліктердің жол жиегіне шығып кетуі жиіледі

АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы еліміздегі ауа райының күрт нашарлағанына байланысты жүргізушілерге жолда абай болу керектігі жөнінде ескерту жасады.

«ҚазАвтоЖол»: көктайғақ салдарынан көліктердің жол жиегіне шығып кетуі жиіледі
Фото: «ҚазАвтоЖол»

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы 1403 байланыс орталығына жүргізушілерден көктайғақтан жолдың шетіне шығып кеткені туралы хабарламалар жиі түсіп жатқанын хабарлап, жазғы шиналармен жолға шықпау керектігін ескертті. 

Компанияның жолшы мамандары шұғыл түрде жәрдем көрсетіп жатқанын да атап өтті. 

«Қылышын сүйретіп қыс келді. Енді жолға жазғы шиналармен шықпаңыздар. Тезірек қысқы дөңгелектерге ауыстырыңыздар. Бұл сіздердің және басқа жол пайдаланушылардың қауіпсіздігі үшін маңызды! 1403 байланыс орталығы сіздер үшін тәулік бойы қызмет көрсетеді», делінген ұлттық компанияның ресми хабарламасында.

Еске сала кетсек, бүгін түнде екі өңірде ауа райына байланысты көлік қозғалысы жылдамдығына шектеу енгізілді. «ҚазАвтоЖол» Ақмола және Қарағанды облыстарындағы жолдарда ауа райына байланысты жылдамдықты арттырмау туралы ескертті.

Соңғы жаңалықтар