«Қазбриг» «Мызғымас бауырластық-2013» оқу-жаттығуын жоғары көрсеткіштермен аяқтады

АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Шұбаркөл полигонында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер қарулы күштерінің «Мызғымас бауырластық-2013» бірлескен оқу-жаттығуы аяқталды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
None
None

«Қазақстанның «Қазбриг» бітімгершілік батальоны Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның әскери қызметшілерімен бірлесіп, ойдан шығарылған мемлекеттің аумағында бейбітшілікті қолдау бойынша тәжірибелік іс-қимылдар жүргізді. Оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес шартты мемлекетте билікті тартып алу орын алып, жаппай тәртіпсіздік басталады. ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімі бойынша дағдарыс жағдайын реттеу үшін ауданға Ұйымның жедел жұмыс тобы жөнелтіледі. Қазақстандық бітімгершілер тұрақсыз ахуал орнаған ауданда «сепаратистерге» қару-жарақ жеткізудің жолын кесті. Сценарий бойынша қару-жарақ тиеген машиналар легінің жолын бөгеген «Қазбриг» жауынгерлері бандылар құрамын ұстайды»,-делінген таратылған мәліметте.

Қазақстандық әскери қызметшілер жаттығудың тағы бір эпизодында гуманитралық жүктерге қолдау көрсету операцияларын жүзеге асырды. Жолды торуылдаған ұрыскерлер жүкті басып алу үшін автокөліктің бірін жарып жібереді. Бітімгершілер барлау жүргізіп, жолды минадан тазартады. Сондай-ақ, қазақстандық бітімгершілер «Мызғымас бауырластық-2013» оқу-жаттығуының қорытынды кезеңіне белсенді түрде қатысып, елді мекендегі қауіпсіз жағдайды сүйемелдеуге қолдау көрсетті.

«Біздің бітімгершілердің қару-жарағы, техникасы жауынгерлік дағдысы барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Оқу-жаттығудың басшылығы қазақстандық әскери қызметшілердің дайындығын ерекше атап өтті. Барлық тапсырмалар сапалы және жоғары бағаға орындалды», - деді ҚР ҚК Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Әмір Халықов.

«Мызғымас бауырластық-2013» оқу-жаттығуының қорытындысы бойынша бригада командирі подполковник Шейх-Хасан Жазықбаев, бригада командирінің орынбасары майор Дамир Алтынбаев, батальон командирі майор Айбек Ғабдрахов «Жауынгерлік достастықты нығайтқаны үшін» медалімен наградталды.

«Қазақстан Қорғаныс министрінің басшылығымен жүргізіліп жатқан іс-шаралардың бәрі өз жемісін беруде. Қазақстандық әскери қызметшілердің дайындық деңгейі өте жоғары. Олардың кез келген деңгейдегі бітімгершілік сипаттағы операцияларды жүргізуде қойылған күрделі тапсырмаларды орындауға қабілеттілігіне күмән келтіруге болмайды», - деп атап өтті Ресей Федерациясы Орталық әскери округінің штаб бастығының орынбасары генерал-майор Сергей Чувакин.

7 қазаннан бері ҰҚШҰ-ға мүше алты мемлекеттің әскери қызметшілері «Мызғымас бауырластық-2013» оқу-жаттығуының шеңберінде бітімгершілік операцияларын жүргізудің әр түрлі кезеңдерін пысықтады.

Соңғы жаңалықтар