«Қазгидромет» Орталық Азия елдеріне сел қаупін болжауға көмектеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК Орталық Азия елдерінің гидрометеорологиялық қызметтеріне көмек көрсетеді. Бұл туралы журналистерге «Қазгидромет» РМК ауа райының ұзақмерзімді болжамдар басқармасының басшысы Гүлмира Ақышева «Орталық Азия өңірінде тез дамушы селдердің туу қаупін бағалау үшін ақпараттық-диагностикалық жүйе» жобасы басқарушы комитетінің 2-ші отырысында мәлім етті.

«Қазгидромет» Орталық Азия елдеріне сел қаупін болжауға көмектеседі

«Бұл жүйе апатқа дейін 3-6 сағат бұрын селді болжауға мүмкіндік береді. Осылайша апат салдарын азайтуға болады.  Бұл отырыстан кейін, жан-жақты талқыланған соң орталық серверді іске қосу жоспарланған.  Кейін метеоспутниктер мен метеостансалардағы барлық мәліметтер орталық серверге түседі. «Қазгидрометтің» міндеті мәліметтерді Орталық Азияның өзге елдеріне жөнелту болмақ», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, сел - мемлекеттік дәрежедегі проблема. Ол ауқымды материалдық және адами шығынға әкеледі.  Сондықтан автоматтандырылған ақпараттық-диагностикалық жүйе туралы  меморандумға қол қойылды.  Оны  Сан-Диего қаласында (АҚШ) орналасқан Гидрологиялық ғылыми-зерттеу орталығы құрастырған. Бұл жобаны халықаралық даму бойынша АҚШ агенттігі (ЮСАИД) қаржыландырады.

Отырысқа Қазақстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанның ұлттық гидрометеорологиялық қызмет өкілдері, сонымен қатар аталған жоба бойынша техникалық қолдау көрсететін халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда.  

Отырыс 4-6 қазан аралығында өтеді.