Қажылыққа барған 4 мың қазақстандықтың барлығы елге оралды
АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясы Корольдігінің Жидда қаласынан қазақстандық қажыларды алып шыққан соңғы әуе рейсі Қазақстанға аман-есен қонды. Осылайша қасиетті қажылық сапарына аттанған 4000 отандасымыздың барлығы туған жерге толық оралды. Бұл туралы ҚМДБ мәлім етті.
Қажылар қасиетті Мекке және Мәдина қалаларында болып, Ислам дінінің бес парызының бірі саналатын қажылық құлшылығын орындады. Сонымен қатар қос қасиетті мекендегі тарихи және діни маңызы бар зиярат орындарын аралады.
— Қажылық маусымы барысында Қазақстан қажылық миссиясы қажыларға діни, медициналық және ұйымдастырушылық бағыттар бойынша жан-жақты қызмет көрсетті. Сондай-ақ қажылық сапарын ұйымдастырушы конкурстан өткен 14 туроператор миссиямен бірлесе отырып, отандастарымыздың қауіпсіздігі мен құлшылық рәсімдерін талапқа сай орындауына тұрақты қызмет көрсетті, — делінген хабарламада.
Биылғы қажылық маусымы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қазақстандық қажылар қасиетті сапардағы парыздарын толық әрі абыроймен орындап, елге аман-есен оралды.
Қазақстан қажылық миссиясы қажылық маусымының табысты өтуіне үлес қосқан Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және ұмра министрлігіне, Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшілігіне, қажылық миссиясы құрамындағы мамандарға, қажылық сапарын ұйымдастырған туроператорларға және барша қажыларға алғысын білдіреді.
Айта кетейік, бұған дейін Сауд Арабиясында шетелден 1,5 млн-нан астам адам қатысып отырған жыл сайынғы қажылық өтіп жатқанын жаздық.
Сауд Арабиясы қажылық қарсаңында Меккеге кіруге қатысты жаңа талаптарды жариялады.