Қазып алынатын алтын қоры 522 тоннаға артты — Геология комитеті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда пайдалы қазбалардың ресурстары мен қорлары бойынша өсім тіркелді. Бұл туралы Геология комитетінің төрағасы Ерлан Акбаров айтты.

золото алтын
Фото: Александр Павский/ Kazinform

— Қазақстанның минералдық-шикізат базасына қатты және кең таралған пайдалы қазбалар, көмірсутектер және жерасты сулары кен орындары кіреді. Барлығы 987-ден астам қатты пайдалы қазбалар кен орны мемлекеттік теңгерімге есепке алынған. Одан бөлек, 355 көмірсутек, 3 666 кең таралған пайдалы қазбалар және 4540 жерасты сулары кен орындары бар, — деді ол ОКҚ алаңында.

Сондай-ақ, комитет басшысы қазбалардың ресурстары мен қорлары бойынша өсім барын атап өтті.

— Алтын 522 тонна, күміс 281 мың тонна, хром кендері 2383,1 мың тонна, уран 44 мың тонна, мыс 12893,6 мың тонна, фосфорит кендері 82 млн тонна, мұнай 277 млн тонна, газ 113 млрд м3, конденсат 1,9 млн тонна, жерасты сулары тәулігіне 155,8 мың м3 өсім көрсетті, — дейді Ерлан Акбаров.

Одан бөлек, спикер геологиялық барлау нәтижелері бойынша 2023-2024 жылдары 60 кен орны есепке алынғанын айтты.

— 27 қатты пайдалы қазбалар, 10 көмірсутектер, 23 жерасты сулары кен орындары алғаш рет мемлекеттік есепке алынды, — деп түйді сөзін комитет төрағасы.

Бұған дейін елімізде геологтер қанша жалақы алатынын жаздық. 

Сондай-ақ, «Жас геолог» олимпиадасының жеңімпаздары еліміздің жетекші 3 жоғары оқу орнында тегін білім алуға мүмкіндігі барын хабарладық.

Соңғы жаңалықтар