17:25, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазіргі дағдарыс кезінде орасан зор экономикалық әлеуеті бар ЭЫҰ айрықша маңызға болып отыр - ҚР Премьер-Министрі
ТЕГРАН. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазіргі дағдарыс кезінде әлі пайдаланылмаған орасан зор экономикалық әлеуеті бар Экономикалық ынтымақтастық ұйымы айрықша маңызға ие болып отыр.
Бүгін Тегранда өткен ЭЫҰ мүше елдер Мемлекет және Үкімет басшыларының 10-шы саммитінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Бұл саммит және оның күн тәртібі қазіргі жағдайда айрықша көкейкесті. Қазіргі әлемдік дағдарыс қаржы жүйесінің шегінен шығып кетті және елдердің әлеуметтік -экономикалық дамуына теріс әсерін тигізуде. Бұл ретте бірде -бір ықпалды халықаралық ұйым әзірге дағдарысты еңсерудің нақты механизмдері мен тәсілдерін ұсына алмай отыр. Дағдарыс көптеген елдер мен құрлықтарды шарпыды. Бұл әлемдегі тәртіпті өзгертіп жатқан құбылыс. Сондықтан қазіргі жағдайда әлі пайдаланылмаған орасан зор экономикалық әлеуеті бар Экономикалық ынтымақтастық ұйымы айрықша маңызға ие болып отыр», деді К. Мәсімов.Қазақстан Үкіметінің басшысы «осы орайда барлық догмалар мен стереотиптерді мұқият зерттеу қажеттігін» атап көрсетті. Қазақстан басшысы Н. Назарбаев халықаралық құқықтың негізінде және көптеген елдердің Парламенттерімен ратификацияланған жаңа әлемдік біртұтас валюта енгізуді ұсынғанына тоқталған К. Мәсімов, «бұл жүйе дағдарыстан шығудың жақсы базасы бола алар еді», деген ой айтты. «Біздің ұйым қазір болып жатқан салдарды зерттеп, дағдарыстың өңір елдерінің экономикасына тигізіп жатқан ықпалына қарсы тұрудың жолдарын іздеу жөнінде алдына міндет қойып отыр. Экономикалық ынтымақтастық ұйымының аймақ үшін маңызы зор, ол өзінің орасан зор экономикалық әлеуетін пайдалануы тиіс. Өйткені, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы ауқымды тұтынушы рынокқа және кең көлемді жобалық мүмкіндіктерге ие», деді Қазақстан Үкіметінің басшысы.