«ҚазМұнайГаз» бен «Schneider Electric» біріккен кәсіпорын құрды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ еншілес компаниясы «KMG Systems&Services» ЖШС мен қуат көздерін басқару мен өнеркәсіпті автоматтандыру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі «Schneider Electric» компаниясы «KMG Automation» біріккен кәсіпорнын құрды.
Жаңа бірікккен кәсіпорын жергілікті кадрларды тарта отырып, Қазақстан өнеркәсібінің түрлі салалары, оның ішінде ең алдымен мұнайгаз кешені үшін әлемдік деңгейдегі технологиялық процестерді автоматтандыру бойынша жобаларды жасау мен пайдалануға беруді жүзеге асыруды жоспарлауда, деп хабарлайды «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметінен.
«KMG Automation» бас кеңсесі Атырау қаласында орналасады. Біріккен кәсіпорынның негізгі міндеті жергілікті кадр әлеуетін дамыту және өнеркәсіптік автоматтандыру, қуат көздерін бағдарламалық қамтамасыз ету мен басқару саласында Қазақстандағы оқшау жинақтау жүйесін кеңінен пайдалану болып табылады.
«KMG Automation» отандық өнеркәсіпті тиімділікті арттыру мен өндірістің қауіпсіздігі жөніндегі алдыңғы қатарлы шешімдермен қамтамасыз етуді жүзеге асырмақ.
Біріккен кәсіпорынның құрамына Schneider Electric компаниясының Қазақстандағы «Өнеркәсіптік автоматтандыру» бизнес-бөлімшесі кіреді және ҚР мұнайгаз саласында эксклюзив құқығында Foxboro®, Triconex®, SimSci®, Avantis® және Wonderware® сауда маркаларымен өнімдер шығаратын болады.
«KMG Automation» ЖШС басқарма төрағасы Николас Померой атап өткендей, компанияның ұзақмерзімді стратегиялық мақсаты - Қазақстан үшін автоматтандырудың жетекші орталығына айналу.
Компанияның құрылуы 150-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар автоматтандырудың бақылау-есептеу құралдары мен қондырғыларын құрастыру цехы мен Foxboro® бақылау-есептеу құралдары үшін қызмет көрсету орталығы, клиенттерді қолдау орталығы, Triconex® апатқа қарсы қорғану жүйесінің құзырлы орталығы және қойма салуға жоспарлануда.
Жұмыстың үшінші жылы компанияның кемінде 90 пайыз қызметкерлері ҚР азаматтары болады деп жоспарлануда.