Қазмұнайгаз газ өндірісін екі есеге жуық арттырады
АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Үкімет отырысында тауарлық газ өндірісін ұлғайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Оның айтуынша, Президенттің жаңа газ кен орындарын іске қосу және газ өңдеу қуаттарын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес, 2030 жылға дейін ҚазМұнайГазда тауарлық газ өндірісі жылына 2,4-тен 4,5 млрд текше метрге дейін өседі. Аталған кезеңде сұйытылған мұнай газын өндіру 1,3 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін артады.
— Бұл көрсеткіштерге жету үшін Батыс Қазақстан облысындағы Рожковское жобасының екінші кезеңі жүзеге асырылып келеді. Ол 2028 жылы аяқталып, газ өндіру көлемін жылына 700 млн текше метрге дейін ұлғайтпақ. Газды өңдеумен «Жайықмұнай» компаниясы айналысады. Ал Атырау облысындағы Батыс Прорва жобасының бірінші кезеңі 2025 жылғы желтоқсанда іске қосылды. Қазір 200 млн текше метр газ өндірілісе, 2027 жылы бұл көрсеткішті 920 млн текше метрге дейін арттыру көзделіп отыр. Мұнда Боранкөл газ өңдеу зауыты жұмыс істейді, — деді А. Хасенов.
Ақтөбе облысындағы Орталық Өріктау жобасы бойынша сәуір айында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының Жаңажол газ өңдеу зауытымен газ процессингін жүргізу жөнінде келісім орнады. Жыл соңына дейін өндіріс көлемін жылына 200 млн текше метр шикі газға дейін жеткізу, ал 2027 жылы бұл көрсеткішті жылына 1 млрд текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр.
— Жобаларды жүзеге асыру кезінде газды кен орындарына жақын орналасқан газ өңдеу зауыттарында өңдеу мүмкіндіктері ескеріледі. Мұндай кластерлік тәсіл кен орындарын іске қосу мерзімін қысқартып, инфрақұрылымға кететін шығындарды азайтады және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елдегі бос тұрған өңдеу қуаттарын жүктеуді қамтамасыз етеді. Осылайша, жоғарыда аталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жылына қосымша 2,1 млрд текше метр тауарлық газ және 250 мың тонна сұйытылған газ шығаруға мүмкіндік береді, — деді ҚМГ басшысы.
Айта кетейік, Қазақстанда газдандыру деңгейі 64,2% жетті. Тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту мақсатында жаңа кен орындарын игеру жоспарланып отыр.
2035 жылға қарай қазақстандықтардың 80 пайызы табиғи газға қол жеткізетіні хабарланды.