«ҚазМұнайГаз» қорындағы өсім 2,2 млрд баррель мұнай деңгейінде бағаланды

АСТАНА. ҚазАқпарат – «ҚазМұнайГаз» компаниясы қорының өсімі шамамен 2,2 миллиард баррель мұнай эквивалентін құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Жалпы қор өсімінің әлеуетті көлемі шамамен 2,2 миллиард баррель мұнай эквивалентіне жетіп тұр. Сондай-ақ келер 5 жылда 42 ұңғымада бұрғылау жұмыстары жоспарланып отыр», - деді «ҚазМұнайГаз» компаниясы қаржы департаментінің жетекші маманы Мақсат Байзатов елордада аталған компанияны IPO-ға шығаруға арналған жиында.

Оның айтуынша, компания өзінің резервтерін арттыру бағытында түрлі мүмкіндіктерді қарастырып отыр.

Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» IPO-сына қатысу арқылы адамдар мұнай өндіру, тасымалдау, қайта өңдеу сияқты қызметтер ұсынатын ірі компанияның үлескеріне айнала алады. Болашақ акционерлер компания табысынан дивиденд ретінде пайда көру құқығына ие болады.

«ҚазМұнайГаз» компаниясының жалпы активтері 32 млрд долларды құрап отыр. Дивидендтер төлеу мүмкіндігі мұнай бағасына байланысты болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 7 қарашада «Самұрық-Қазына» қоры «ҚазМұнайГаз» компаниясының өзіне тиесілі үлесінің 5 пайызын IPO-ға шығаратынын ресми жариялады.

Бұл жолғы ІРО аясында «ҚазМұнайГаз» компаниясының «Самұрық-Қазынаға» тиесілі 30,5 млн акциясы сатылады.

Бір акцияның құны 8406 теңге деп белгіленген. ІРО келесі айға дейін жоспарланған. Нақтырақ айтсақ, институционалдық инвесторлардан (заңды тұлғалар) өтінім қабылдау 9 қарашада басталып, 30 қарашада аяқталады. Ал бөлшек инвесторлардан (жеке тұлғалар) өтінім қабылдау 9 қарашада басталып, 2 желтоқсанда сағат 15.00-де аяқталады. «Самұрық- Қазына» қоры бүкіл өтінімдерді жинап, мақұлдағаннан кейін сатылған акциялар желтоқсанның бірінші онкүндігінде инвестордың шотына түседі.


Соңғы жаңалықтар