«ҚазМұнайГаз» ІРО-сы: Алаяқтарға ұрынбау үшін нені білу керек
ІРО-ға кімдердің қатысқаны абзал?
Биржа мамандары жиі айтатын қағидат бар. Кез келген биржа саудасына, оның ішінде ІРО-ға иелігіңізде шынымен артық ақшаңыз болғанда ғана қатысу керек. Яғни, ІРО-ға қатыспай тұрып, тұрақты табысыңыз күнделікті тамақтануыңыз бен жүріп тұруыңыздан, отбасын асыраудан, несиелер мен коммуналдық төлемдерді, алимент сияқты мойныңыздағы түрлі міндеттемелерді өтеуден артыла ма деген сұраққа жауап табу керек. Тіпті ІРО-ға қатысудың тәуекелі соншалықты жоғары болмағанның өзінде ақталмаған үміт, қаржылық сипаттағы өкініш үй ішінде, адамның ішкі дүниесінде түрлі қолайсыздықтар туындатып жатады. Ал заң тұрғысынан ІРО-ға кез келген азамат қатыса алады.
Бұл ІРО қатысушыға не береді?
Біріншіден, бұл биржаға әуестеніп жүрген болашақ инвесторларға жақсы мүмкіндік. Биржа инвесторына қажетті машықтар қалыптастырып, бұрын теорияда игерген білімді практикада сынап, шыңдау үшін де ІРО-ға қатысуға болады.
Екіншіден, ІРО-ға акциясын шығарған компанияның жұмысы жақсы жүріп, акцияларының құны қымбаттап жатса, оны өзге инвесторға сатып, табыс көруге болады.
Үшіншіден, компания табысы артып жатса, инвесторларына дивиденд төлеу туралы шешім қабылдауы мүмкін.
Өтінім қабылдау қашан бітеді?
Бұл жолғы ІРО аясында «ҚазМұнайГаз» компаниясының «Самұрық-Қазынаға» тиесілі 30,5 млн акциясы сатылады. Бір акцияның құны 8406 теңге деп белгіленген. ІРО келесі айға дейін жоспарланған. Нақтырақ айтсақ, институционалдық инвесторлардан (заңды тұлғалар) өтінім қабылдау 9 қарашада басталып, 30 қарашада аяқталады. Ал бөлшек инвесторлардан (жеке тұлғалар) өтінім қабылдау 9 қарашада басталып, 2 желтоқсанда сағат 15.00-де аяқталады.
«Самұрық- Қазына» қоры бүкіл өтінімдерді жинап, мақұлдағаннан кейін сатылған акциялар желтоқсанның бірінші онкүндігінде инвестордың шотына түседі.
ІРО-ға қатысу неше қадамнан тұрады?
«ҚазМұнайГаз» ІРО-сы AIX халықаралық биржа орталығы мен KASE Қазақстан қор биржасы арқылы өтеді.
AIX арқылы IPO-ға қатысудың үш жолы бар. Біріншісі – AIX-те аккредиттелген брокерлердің сүйемелдеуі арқылы, яғни, дәстүрлі әдіспен қатысуға болады. Ондай брокерлердің тізімін мына сілтемеден көруге болады. /
«Қазмұнайгаз» ІРО-сына делдал болатын брокерлердің қызметтері, шарттары (сүйемелдеу ақысы) мен комиссиялық алымдары туралы мәліметті AIX-тің ресми сайтындағы «Брокерді таңдау» бөлімінде алуға болады. /
Брокердің көмегіне жүгінудің өзі алдын ала шарт жасау, шот ашу, шотқа ақша есептеу, «өтінімдер кітабын» ашу, өтінім беру, мәмілелер есебін жүргізу сияқты 6 кешенді қадамнан тұрады. Ол қадамдарды мына сілтемеден көруге болады. Бұл брокерлердің көбі клиенттеріне веб-сайттар немесе мобильді қосымшалар арқылы қызмет ұсынады. Көбі келісім жасасып, брокерлік шот ашу үшін кеңсесіне келуді талап етеді. Сүйемелдеу қызметін ұсынған ұйымның бәрі бірдей аккредиттелген брокер болмауы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми тізімінде жоқ кез келген басқа компаниялар алаяқ болып есептеледі.
Екінші жолы – Tabys мобильді қосымшасы арқылы ешқандай брокердің делдалдық қызметінсіз, компанияға тікелей өтінім жолдау. Бұл қосымшамен жұмыс істеу нұсқаулығы мына сілтемеде бар. Аталған әдіс брокерлік шот ашпай-ақ, банк картасымен онлайн төлеу арқылы акцияларды сатып алуға мүмкіндік береді. Бірақ ол акцияларды кейін сатқыңыз келсе, сол кезде брокерлік шот ашу қажет болады. Бұдан шығатын қорытынды – егер сіз акцияларды ұзақ мерзімде ұстауды жоспарласаңыз, бұл әдіс сізге қолайлы.
Үшінші жолы – «Қазпоштаның» елдегі 1170 бөлімшесінің бірі арқылы жазылу. Ол бөлімшелердің мекенжайын мына жерден алуға болады. Бұл әдіс брокерлік компаниялар жоқ шалғай өңірлердегі инвесторлар немесе интернетке үнемі қолы жете бермейтін тұлғаларға қолайлы. «Қазпошта» брокерлік қызметтерді, келісім жасасу және брокерлік компаниямен одан әрі өзара әрекеттесу үшін трансфер-агент қызметтерін, сондай-ақ пошта бөлімшелері арқылы Tabys тікелей жазылымының қызметтерін ұсынады.
KASE Қазақстан қор биржасы арқылы ІРО-ға қатысудың да үш жолы бар. Мұнда да брокерлер арқылы акция сатып алуға болады. Сондай-ақ, Astana халықаралық қаржы орталығының Tabys мобильді қосымшасы арқылы тікелей немесе брокер арқылы «Қазпоштаға» жазылуға болады. KASE арқылы ІРО-ға қатысу нұсқаулығымен мына жерден танысуға болады.
Қазақстан қор биржасы жалған брокерлерге ұрынбау үшін істес болатын брокер туралы ақпаратты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтынан және KASE сайтындағы тізімнен тексеруге кеңес береді.
Фото:kase.kz
Жалған брокердің жарнамасы жер жарып тұрады
Жалған брокер дегеннен шығады, бұған дейін әлеуметтік желіде «ҚазМұнайгаз» Президенттің бұйрығы бойынша халыққа ақша таратып жатқаны туралы алаяқтық жарнамалар көп тараған болатын. Компанияның ІРО-сы туралы ресми ақпарат сол алаяқ жарнамалардың қарқыны енді бәсеңдеді-ау деген кезде шығып отыр. Бұл ІРО-ға қатысқысы келетін, бірақ қаржы нарығынан хабары шамалы адамдарды шатастыруы мүмкін. Ондай алаяқтардан қалай қорғануға болады?
Қазір адамдардың әлеуметтік желідегі әр қадамына мониторинг жасап, желі қолданушы қандай хабарландыруларды шолып, іздеу жүйелері арқылы қандай мәлімет іздестіргенін бақылау мүмкіндігі бар. Бұл мүмкіндік шынайы өнім ұсынушылармен қатар алаяқтардың өрісін де кеңейтіп отыр. Сіздің «ҚазМұнайГаз» ІРО-сы туралы мәліметтерге қызығушылық танытқаныңызды «цифрлық ізіңізден» көріп, біліп отырған алаяқтар түрлі «табысы мол ұсыныстар» жолдауы мүмкін. «Елдің бәрі 8406 теңгеден алып жатқан «ҚазМұнайГаз» акциясын сізге ғана көтерме бағамен 5000 теңгеден сатамыз. Ол үшін кемінде 20 акцияға алдын ала төлем жасауыңыз керек» деген хабарлама келіп жатса, сеніп қалуға болмайды. Мұндай «жанашырлар» кейде тіпті акцияның бағасын ресми жарияланған бағадан қымбат көрсетуі мүмкін. «Біз сатып жатқан акциялар ресми бағадан қымбат болғанымен, ай сайын әжептәуір дивиденд төленетініне кепілдік береміз. Оның биржадағы құны кейін 8406 теңгелік акциялардан әлдеқайда қымбат болады» деген сияқты қисынға сыймайтын хаттар келуі мүмкін. АІХ орталығының мамандары мұндай мәліметтердің бәрі алаяқтардың месседжі екенін ескертеді. «Самұрық-Қазына» қоры «ҚазМұнайГаздың» ІРО арқылы сатылатын бір акциясының құнын 8 406 теңге деп белгіледі. Яғни, бұдан басқа бағамен келген ұсыныстың бәрін алаяқтық деп түсіну керек.
30,5 млн акцияның бәрін бір ғана инвестордың сатып алуы мүмкін бе?
АІХ орталығының сарапшыларының айтуынша, «ҚазМұнайГаз» ІРО-сы бойынша сатып алынатын акциялардың максималды санына шектеу жоқ.
Фото:kmg.kz
«Бірақ егер бұл бір тұлғаның немесе сонымен байланысты адамдар тобының қолында акциялардың молынан шоғырлануына әкелуі мүмкін болса немесе қылмыстық кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзса, «Самұрық-Қазына» өтінімді қанағаттандырудан бас тартуға құқылы», -деп жазылған орталықтың бізге берген жауабында.
Брокер болжамы
«ҚазМұнайГаз» акциясының биржадағы құны ІРО-дан кейін қаншалықты қымбаттауы мүмкін? ІРО арқылы елеулі табыс көру үшін бір инвесторға неше акция сатып алу тиімді? Сатып алатын акция саны көп болса, тәуекелі қандай? Jusan Invest компаниясының басқарма төрағасы Максим Кабановтан осы туралы брокер ретінде пікір білдіруін өтіндік. Брокер бүй дейді:
«ҚазМұнайГаз» IPO-сына қатысу арқылы отандастарымыз мұнай өндіру, тасымалдау, қайта өңдеу сияқты қызметтер ұсынатын ірі компанияның үлескеріне айнала алады. Болашақ акционерлер компания табысынан дивиденд ретінде пайда көру құқығына ие болады. Одан бөлек, егер «ҚазМұнайГаз» акциясының құны өсіп жатса, акционерлер алғашқы сатып алған баға үстінен пайда көруі мүмкін. Біздің сарапшыларымыздың пікірінше, бастапқы бағаның (8406 теңге) өсу ықтималы 36%-ды құрайды.
Тарихқа назар аударсақ, IPO-ға шыққан қазақстандық компаниялар жақсы өсім динамикасын көрсеткен. Төмендегі кестеде соңғы жылдары қазақстандық компаниялардыі IPO-сына қатысқан акционерлердің IPO-дан кейін дивидендтерді қоса алған кіріс көлемі көрсетілген:
IPO-ға қатысу үшін қанша ақша салған дұрыс дегенге келсек, ол адамның қаржы активінің мөлшері мен тәуекелдерге сезімталдығына байланысты. Біз өз клиенттерімізге бір компанияның акцияларына артық ақшасының 20%-дан аспайтын мөлшерін салуды ұсынамыз. Сонымен қатар, тек бір акция сатып алуға кеңес бермейміз. Өйткені табыстың біраз бөлігін сатып алу немесе сату кезіндегі комиссиялар жұтып қоюы мүмкін.
«ҚазМұнайГаз»ІРО-сына қатысушыларға сатылып жатқан акциялардан қандай двивиденд төленуі мүмкін? Оны ІРО-ға қатысушылар қандай жағдайда талап ете алады және компания ол талапты қай кезде орындауға міндетті болады? «ҚазМұнайГаз» компаниясына осы туралы сауал жолданды. Жоғарыдағы сұрақтарға сол сауалдың жауабы негізінде мәлімет жариялаймыз.