"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Павлодар мұнай-химия зауытын қайта құрылымдау мүмкіндігін қарастырады

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Павлодар мұнай-химия зауытын қайта құрылымдау мүмкіндігін қарастырады. Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында аталған компанияның басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин мәлім етті.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Павлодар мұнай-химия зауытын қайта құрылымдау мүмкіндігін қарастырады

ENI компаниясымен арадағы келісім аясында Қазақстан аумағында өнеркәсіптік өндіріс құру бойынша бірқатар жобалар қарастырылып жатқанын атап өткен ол: «оның ішінде Павлодар зауытын қайта құрылымдау бар», - деді.

Оның айтуына қарағанда, қазіргі уақытта Италияда еліміздің мамандарының қатысуымен жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін соңғы мәрте қарау процесі өтуде.

«Техникалық-экономикалық негіздемесін қарау қорытындысы бойынша соңғы конфигурация қабылданатын болады және қажетті инвестиция құны анықталады. Осыдан кейін коммерциялық келіссөздер жүргізіледі. Оң нәтижелерге қол жеткізілген жағдайда біз осы жобаны жүзеге асыратын мердігердің қорытынды инвестициялық зерттеуін тыңғылықты зерделейміз», - деді басқарма төрағасы.