KAZNEX INVEST Қытайда жоғары сұранысқа ие қазақстандық тауарлардың тізімін жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - KAZNEX INVEST Қытай нарығында жоғары сұранысқа ие 20-дан астам қазақстандық тауардың тізімін жасады.
None
None

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте KAZNEX INVEST компаниясының басқарма төрағасы Борисбий Жанғұразов мәлім етті.

«Жалпы алғанда, Қытай көптеген тауарларға зәру, әсіресе май және тоң май өнімдерін шетелден импорттайды. Жыл сайын 100 млрд. долларға тауар импорттайды. Осы орайда, Қазақстан майлы дақылдарды өсіруде үлкен әлеуетке ие. Егер майлы дақылдарды терең өңдеуге, жоғары сапалы май және тоң май өнімдері өндірісін ұйымдастыруға мән беретін болсақ, дамуы тежелмейтін салалардың бірін құрған болар едік», - деді ол.

Оның айтуынша, Қытай нарығында жоғары сұранысқа ие 20-дан астам қазақстандық тауардың тізімі жасалды.

«Олардың ішіне кондитерлік өнімдер, күріш, май және тоң май өнімдері, алкогольсіз ішімдіктер, күрке тауық еті, металлургия және басқа да тауарлар еніп отыр. Кондитерлік өнімдерден бізде үлкен әлеует бар, себебі Қазақстанда кондитерлік тағамдарды шығаруда үлкен тарих қалыптасқан, ұзақ жұмыс жасап келе жатқан ірі компаниялар да көп», - деп атап өтті компания басшысы.

Сонымен қатар Б.Жанғұразовтың сөзі бойынша, Қытайдың ет және ет өнімдеріне деген сұранысы жоғары.

«Егер санитарлық кедергілер жойылатын болса, Қытай қой және ірі қара мал етін көп көлемде импорттай алады. Осы бағытта да жұмыстар жасалуда. Біз аталмыш өнімдерді Қытайға шығара аламыз», - деді KAZNEX INVEST басшысы.

Соңғы жаңалықтар