«Қазпошта» қалай бір жылда 12 млрд теңге шығынды 3 млрд теңге кіріске айналдырды

АСТАНА. KAZINFORM – Кассадағы ақшаны депозитте айналдырған бөлімшелер, талон арқылы талан-таражға салынған жанармай, жұрт қолданбайтын банкоматтар, қарыз есебінен айлық көтеру.  «Қазпошта» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әсел Жанасова Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында «Қазпоштаны» шығынға батырып келген жүйелік олқылықтарды атады.

 «Қазпошта» қалай бір жылда 12 млрд теңге шығынды 3 млрд теңге кіріске айналдырды
Фото: Видеодан алынды

Пошта қызметінің жаңа стратегиясы

Әуелі ол «Қазпошта» саладағы монополист бола тұрып, қарапайым курьерлік ұйымдармен бәсекеде ойсырай ұтылуының себебін өзінше түсіндірді.

«Жылдар бойы жалақы көтерілмеген, инфрақұрылымға дұрыс ақша бөлінбеген. Бизнес транспортқа байланысты. Көлік болмаса, сәлемдемелер жүрмейді. Біз «Қазпоштаны» монополист дейміз, бірақ логистика саласында курьерлік сервистер көп қазір. Біз үшін олар да бәсекелес. Банктер қаржылық сервистерді кеңейтіп келеді. Жыл сайын клиенттердің саны төмендеп жатыр. Соның бәріне төтеп беретін бәсекелес болу үшін инвестиция салып, қызмет деңгейін көтеру керек. Жылдар бойы осының бәрі жасалмағандықтан алдағы 5 жылда соның бәрін жолға қоюымыз керек», - деді «Қазпошта» басшысы.

Оның пайымдауынша, әлем бойынша дәстүрлі поштаның қызмет аясы тарылып келеді. Оның орнын жаңа бағыттармен толтыру өзекті болып тұр.

«2022 жылдың қазан айында «Қазпоштаға» басшы болып жұмысқа кірістім. Келгеннен кейін бір айдай басқа пошталық операторлардың бизнесін зерделедім. Нарықта не болып жатқанын түсіну керек болды. Негізі нарықта пошталардың бәрі шығынға ұшырап кеткен. Өйткені курьерлік қызметтер, басқа да коммерциялық ұйымдар поштаның дәстүрлі қызмет көлемін игеріп кеткен. Оның үстіне адамдардың хат алмасуы, газет алдырып оқуы жылдан-жылға азайып келеді. Жыл сайын қызмет көлемі 20 пайыз азайып жатыр. Сондықтан бүкіл пошталар жаңа стратегиясын іздеуге кіріскен. Оның мәні неде? Электронды сауданың дамуына байланысты жеткізу сервисімен, маркетплейстермен бірге жұмыс істей отырып «Қазпоштаның» рөлін нығайтуға болатынын көрдік. Нарықта «3PL» деген модель бар. Пошта бұрын «2PL» моделі бойынша жұмыс істейтін оператор еді – сұрыптау, тасымалдау ғана қызметін атқаратын. Енді оған сақтау функциясы қосылып отыр», - деді Әсел Жанасова.

қазпошта
Фото: kazpost.kz

Pinduoduo мен «Қазпошта» қалай әріптес бола алады?

«Қазпошта» басшылығы кәсіпорынды Орталық Азия көлемінде тауар жеткізу тізбегінің өңірлік дәлізі етуді көздеп отыр. Ол үшін әуелі Қазақстандағы логистиканы толық қолына алмақшы.

«Мен Сауда министрілігінде жұмыс істеп жүргенде «Amazon» сияқты көптеген халықаралық маркетплейстер Қазақстанға тауар жеткізбейтін. Қазақстанды қойып, Орталық Азияға әкелмейтін. Пошта арқылы арзан жеткізу, Орталық Азияға жеткізу сервистерін жасау – ең негізгі бағыттарымыздың бірі. Бүгін қарап отырсақ, Қытайдан жылына 6 млн сәлемдеме кіреді. Ол – аз. Қытайдың өзінде күніне 100 млн сәлемдеме жүреді. Қытайда AliExpress-тен басқа Shenpin, Pinduoduo сияқты маркетплейстер көп. Ауыл адамдары да осындай маркетплейстерден керегін сатып алып, «Қазпоштаның» жеткізу қызметін пайдалана алуы керек», - деді ол.

Айтуынша, «Қазпоштаның» өңірлердегі ең бірінші проблемасы – жалақы.

«Біз әлеуметтік компания болғандықтан Президентке 20 мың адамның жағдайын жақсарту туралы уәде бердім. Екіншіден, қалайда жаңа стратегиямен жылдар бойы келе жатқан шығынды қысқартып, «Самұрық-Қазынаның» басқа портфельдік компанияларынан қалмайтындай кәсіпорын етуді көздедік. Сол мақсатпен жалақыларын көтердік, жұмыс орындарының жағдайын жақсарттық. Үшіншіден, компанияны үш жылдың ішінде табысты етуіміз керек еді. Оны орындадық. Бізде 2 мың ауылда бөлімше бар. Олардың біреуінде жөндеу жасалған, біреуінде ол да жоқ. 500 бөлімшеде интернет жоқ. 2024 жылы соның бәріне интернет қосамыз. Біз кейбір бөлімшелерді мультифункционалдық орталыққа айналдырдық. Ол жерде пошта қызметінен бөлек мемлекеттік қызметтерді алатын еттік. яғни енді ауыл адамдарына аудан орталығына барудың қажеті болмайды. 66 мемлекеттік сервисті «Қазпошта» арқылы алады. Биыл 200 бөлімшені қостық. Келесі жылы санын 2 мыңға көтереміз. Сонымен қатар осы 200 бөлімшеде жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын үш рет көтердік, яғни қосымша функциялар қосылғандықтан айлықтары да көбейеді», - дейді «Қазпошта» басшысы.

«Қазпошта» ауылдардың креатив орталығына айналады

«Қазпошта» дегенде ойға ауыл, ауыл дегенде интернет оралады. Спутник арқылы интернет тарту жобасы мектептермен бірге пошта бөлімшелерін де қамтымақ.

«Біз Starlink, OneWeb компанияларымен мектепті ғана емес, пошта бөлімшелерін де интернетпен жабдықтау бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз. Өйткені ауылдан қалаға тауар тасымалдауда «Қазпоштаның» рөлі зор. Себебі біздің көліктер орталықтардан ауылдарға аптасына 5 рет қатынайды. Кері жолда бос қайтады. Ауылдағылар өз өнімін сол көліктер арқылы жеткізе алар еді. Онсыз да бос қайтып жүр ғой. Бізге бұл жерде дүкен ашу міндет емес. Біздің жұмысымыз – логистика. Қазір маркетплейстермен әріптестік орнатып, үлкен интеграциялар жүргізіп жатырмыз. Биыл екі үлкен маркетплейсті қостық. Бізде «тапсырыс тарату бекеттері» деген бар. «Қазпоштаны» шығынды емес, табысты кәсіпорын қылу үшін агенттік бизнесті дамытамыз. Маркетплейстер мен банктер ауылдарда өз бөлімшелерін ашпайтындай, көлік сатып алудың орнына біздің қызметімізге жүгінетіндей жағдайға келтіруіміз керек. Үлкен маркетплейстерге осындай жақсы сервис жасасақ, бұл экономикаға да, адамдарға да жақсы. Ауыл мен қаланың қатынасын жаңа деңгейге көтеретін сервисті келесі жылы жолға қойып бастаймыз», - дейді акционерлік қоғам басшысы.

Сондай-ақ ол интернет бар пошта бөлімшелерінің өзінде ғаламтор сапасы төмен екенін айтты.

«Қазір ауылдардағы бөлімшелерде интернет бар дегеннің өзінде оның жылдамдығы 1 мегабит қана. Ондай жылдамдықпен мемлекеттік қызметті 30 минутта береміз. Сондықтан интернет жылдамдығы кемінде 256 мегабит болу керек», - деді Әсел Жанасова.

«Қазпошта» бөлімшелері алдағы 30 жылда Мәдениет үйлерінің міндетін атқаруы да мүмкін. Кәсіпорын басшылығының осындай жоспары бар көрінеді.

«Біз Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірге ауылдарда креативтік орталықтар ашуды жоспарлап отырмыз. Бұрын Мәдениет үйлері болып еді ғой. Біздің бөлімшелерді жағдайымыз келгенше сол Мәдениет үйлерінің қазіргі қызметін атқаратын орталықтарға айналдырсақ дейміз. Яғни, келесі 30 жылдың талаптарына төтеп беретіндей дұрыс креатив орталықтар етеміз. Солармен бірге интернеті бар компьютер залдарын, телемедицина бекеттерін ашуға болады. Біз бөлімшелерге жөндеу жүргіземіз. Соның ақшасы бар. Ауылдарда өз бөлімшелерін ашқысы келмейтін, бірақ онлайн қызмет көрсететін басқа министрліктер мен компаниялар бар. Сол қызметтеріне біздегі интернетті пайдалана алады, яғни біздің бөлімшелер пошта қызметін ғана көрсетіп қоймай, мемлекеттік органдар мен ауыл тұрғындарын байланыстыратын орынға айналдыру ойымызда бар. Оның бәрі бір жылда істелмейді. Келесі жылы 3 орталық құрып көреміз. Пайдалы екені дәлелденсе, жаңағы айтқан 2 мыңнан астам ауылда да ашылады. Қазір әр ауданда «Азаматтарға арналған үкіметтің» бөлімшелері бар. Олар ғимарат жалдап отыр. Соларды «Қазпошта» бөлімшелерімен біріктіріп жатырмыз. Осы арқылы мемлекет қаражатын үнемдеуге болады», - дейді ол.

Шығынға батырған бассыздықтар

Әсел Жанасованың «Қазпошта» тізгінін ұстағанына бір жылдан асты.

«2022 жылы 12 млрд теңге шығынмен қабылдап алдым. Қарыз дегеннен шығын деген дұрыс. Жалпақ тілмен айтқанда, минусқа кіріп кеткен. Шығыны көп, ал табысы болмаған. Жоспарлы шығыны бар компания болған. Менің ойымша, минусқа бағытталған жоспармен жұмыс істеу деген дұрыс емес. Мен келген кезде 20 мың қызметкердің айлығын 25 пайыз индекстеу керек болды, яғни 2023 жылғы шығынымызға қосымша 10 млрд теңге қосылды. Ол үшін жоспардағы табысты да 10 млрд теңгеге көтердік. 2023 жылды біз +3 млрд теңгемен жауып жатырмыз», - дейді.

Сондай-ақ ол шығынға құрылған жоспарлы жылды қалайша табыспен аяқтағанын түсіндірді.

«Ең біріншіден, шығынды оңтайландырдық. 10 млрд теңгенің керек емес жоспарын, керек емес жобаларды тоқтаттық. Мысалы, IT саласын айтайық. Біз де банк қызметін көрсетеміз – 500 банкоматымыз бар. Солардың қызметін қолдауға үлкен ақша кетеді. Санасақ, 250-і жұмыс істеп тұрған жоқ. Екіншіден, логистикалық компания болғандықтан жанармай жұмсаймыз. Жылына 2 млрд теңгеден астам ақшаны бензинге, көліктердің жүріп-тұруына жұмсаймыз – жөндеуі бар, сақтандыруы бар. Одан кейін активтерді түгендедік. Цифрландыру болмаған. Бірінші GPS қоюдан бастадық. «Осындай маршрутта жүрдім, осынша литр бензин кетті» деп талон сұрайды. Осылай бәрі «әумин» деп кетіп жатқан. GPS орнатып қарасақ, көбі баруы керек ауылға бармайтын болып шықты. Ондай кімге ұнасын? Басында GPS-ті сындырып, интернет істемей қалғанын желеу еткендер болды. 2 айдай арпалыстық. GPS интернет болмаса да, ақпарат жинайды. Соның бәрін интернет пайда болған кезде орталыққа жібереді. Соның бәрін түсіндірдік. Бұл бір үлкен кейс болды», - деді Әсел Жанасова.

«Қазпошта» башысы кассадағы былықтар да кәсіпорын жұмысын тұралатып келгенін айтады.

«Біз банк болғандықтан кассада тексерістер болу керек. Бір күні кенеттен бүкіл кассаларды тексердік. Кассада ақша жетпейтін болып шықты. Көбінесе кассадағы ақшаны алып, депозитке салып қояды екен немесе банкоматта ақша бар дейді, инкассация жасайды. Бірақ шын мәнінде ол жерде ақша болмайды. Ол кезде ақша депозитте айналып жатады. Керек кезінде шешіп әкеле қояды. Ондай схемалар көп. Сол схемаларды бақылауды басым бағытқа қойдық. Күнделікті қанша сәлемдеме жіберілді, қанша адам жұмысқа шықты? 20 мың қызметкерді қадағалау өте қиын. 2024 жылы қанша адам нақты жұмыс істеп жүргенін, сәлемдемелер қаншалықты уақытында жеткізіліп жатқанын зерттейміз. Компания жұмысын оңтайландырудың бір бағыты осы төңіректе жүреді. Біз қарыз алмаймыз. Бұрын болған. Мысалы, 2022 жылы еңбекақыны 15 пайыз индекстеу үшін 7 млрд теңге бөлген. 2023 жылы біз бір тиын да сұраған жоқпыз. Қазір «Қазпоштаның» 100 пайыз акциясы мемлекетте. Маған дейін оны жеке меншікке сату туралы әңгіме болған. Бірақ мемлекеттің сатпай қойғаны дұрыс болды деп есептеймін. Өйткені сол кездегі ахуалымен шығарылса, тым арзанға сатылып кететін еді. Бірақ үлкен инвестиция керек. Қазір ІРО-ға шығару деген ертерек шығар. Стратегиялық инвесторлар келсе, ІТ саласына, көлік паркіне, қоймаларға ақша тартуға болады. Онсыз пошта дамымайды», - дейді акционерлік қоғам басшысы.

Соңғы жаңалықтар