Қазіргі қоғамға әкелер клубы ауадай қажет - профессор Төлеуғазы Тоқтағанов

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Біз әкенің қабағына байланып өскен ұрпақтың өкіліміз. Әкенің қабағы өзгеріп бара жатса, белбеуді тартып, жинала бастайтынбыз.

Төлеуғазы Тоқтағанов
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

Бұл бізді ер азамат ретінде жеке жауапкершілікке, отбасы ішіндегі сыйластыққа үйретті. Бала өр мінезді, асқақ рухты, намысты болып ер жетсе, әке діңгегінің мықты болғаны.

Қазіргі қоғамда әке қабағынан бейхабар ер балалардың өсіп келе жатқаны ойлантатын жайт. Заманауи әкелердің біразы баламды асырасам, күнделікті керек-жарағына ақша беріп, қажеттіліктерін өтеп отырсам жеткілікті деп есептейді. Шынында, қазақ халқында әке тәрбиесі сан қырлы және ол бала өмірінің барлық жақтарын қамтиды. Онсыз тәрбие де толыққанды болмайды.

Техника ғылымының кандидаты, профессор Төлеуғазы Тоқтағанов әкелер институты қазақстандық отбасы құндылықтарының негізі ретінде жаңғыруы керек дейді.

- Баяғыда қаламгер Асқар Тоқмағамбетовтің бір сықағында: «От жақсам, күлді сен шығарасың, сиыр саусам, бұзауды сен тартасың», деген күлдіргі монологы болатын. Қазіргі жас отбасылардан осы тірлікті жиі байқаймын. Күйеуі арланбастан әйелімен таласа-тармаса ыдыс жуып, алдына алжапқыш байлап тамақ пісіріп жүреді. Мен шаңырақ көтергелі жатқанда марқұм анам болашақ келінін шақырып алыпты да: «Қарағым, балам енді сенікі. Бірақ, екеуіміздің арамызда қалатын бір келісім бар. Ер азаматың – арың да барың, оны қазан-ошаққа жолатпа», депті. Оны зайыбым кейін айтты ғой. Кейде дастарханда тұрған ыдысты өзге жерге қояйын десең, «үйде апаратын адам бар ғой, әйелдің тірлігіне араласпа», дейтін жарықтық жолдасым. Екеуіміз 48 жыл отасып, өмірге әкелген екі ұл, бір қызымызды арлы, абыройлы етіп тәрбиеледік. Балаларымнан жеті немере, үш шөбере сүйіп отырмын. Қазір жеңгең бұл өмірде жоқ болғанымен оның балаларымызға сіңдіріп кеткен тәрбиесі олар үшін әлі күнге өмірлік азық болуда. Себебі марқұм зайыбым өз отбасында әке тәрбиесін дұрыс алып шыққан,-деп бастады әңгімесін ағамыз.

Төлеуғазы Төкілұлының пікірінше, отбасындағы әкенің ролі деген мәселе соңғы уақытта сирек көтерілетін тақырыпқа айналып кетті. Мемлекет деңгейінде қабылданып жатқан шешімдер мен заңдардың ұстанған бағытына көңіл тола бермейді. Себебі зорлық-зомбылық, әйелдердің құқығын қорғау мәселесі алға шыққалы, еркек кіндіктілер абырой-беделден жұрдай болып барады. Бұл халқымыздың ежелден жалғасқан отбасылық институтына төнген үлкен қатер. Әр халық өз ұлттық ерекшеліктері арқылы ұрпақ көшін жалғастырып, отбасылық құндылықтарды лайықты сақтай білуі керек. Ал қазақ отбасыларында әкенің беделі анасынан жоғары тұруы ежелден әбден мойындалған әрі рухани-тәрбиелік тұрғыдан дұрыс болып есептеледі.

«Әкенің қабағы» дегенді бала жастан құлағымызға құйып, санамызға сіңіріп өстік. Одан жаман болған жоқпыз. Дастархандағы астан әкемізден бұрын алмайтынбыз, әкеміз кешке жұмыстан ораларда үй ауласының таза тұрғанын қадағалайтынбыз. Байқамай бірдеңе бүлдіріп қойсаң, анамыздың «әкең біліп қоймасын» деген бір-ақ ауыз сөзі жөнге салар еді. Ал бүгінде барлығы керісінше болып кетті. Отбасында жанжал туындаса, міндетті түрде үйдің ер азаматы кінәлі болып шығады. Бұл болашақ ана болатын қызға дұрыс тәрбиенің сіңірілмеуінен. Яғни оның анасы әкесінің беделін мойындамаған, балаларының алдында абыройын төмендеткен деп ойлаймын. Оның үстіне қазір қоғамда ажырасқан отбасылар өте көп. Әлгіндей отбасылардағы әйелдер ұлдарының құлағына «сенің әкең барып тұрған ақымақ, оңбаған, онымен араласпа, айтқан тілін алма», деп құйып тастаса, одан өткен қасірет жоқ. Анасына қарап өскен ер бала көбіне ынжық келеді, өзін қоғамда қор, қыз балалардан төмен санайды. Бұл да әкелер институтының әлсіреуіне негіз болып отырған фактор»,-дейді ағамыз.

Қазіргі қоғамға әкелер клубы ауадай қажет. Еліміз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заңын қабылдау арқылы тек жазалау жағын күшейте алды. Ал ер азаматтардың жауапкершілігін рухани тұрғыдан дамыту жағы ескерілмей қалғаны өкінішті. Осыдан барып әкелердің ролі төмендей беретіні айғақ нәрсе.

«Көп салаларда ер азаматтардың алатын еңбекақылары айтарлықтай төмендеп кетті. Отбасын бағуға жетпейді. Бұл да ер адамға психологиялық тұрғыдан жағымсыз әсер етеді. Анау бір жылдары мектептерде ер адамдар азайып кетті деп дабыл қақтық. Расында мәселе болды. Ұстаздардың еңбекақысы лайықты деңгейге жетіп еді, қазір мектептерде ер мұғалімдер көбейе бастады. Қуантарлық емес пе!? Осындай жағымды факторларды кез келген салада жасауға болады. Ер азамат беделінің биіктігі, ер адамның ірілігі деген құндылықтарды мектептерде оқыту керекпіз», дейді профессор.

Төлеуғазы Төкілұлының балалары бүгінде әр салада абыройлы еңбек етіп жүр. Немерелерінің алды білім қуып, бүгінде сала докторы атанып үлгергендері бар. Профессордың өзі ақсақалдық жасқа жетсе де, жергілікті жоғары оқу орнында маман даярлаудан қолын үзген емес. Ал бос уақытын немере-шөберелеріне бөліп, өнегелі әңгімелердің тиегін ағытады.

Еске сала кетейік, Президент «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын құттықтады.