Қазіргі жастарға екі абзац мәтін жазудың өзі қиын — Назгүл Қожабек

АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі жастар арасында кітап оқу азайып, жазу машығы әлсірегені байқалады. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында тіл жанашыры, редактор әрі медиа маманы, «Калькасыз қазақ тілі» Telegram арнасының авторы Назгүл Қожабек айтты. 

Қазіргі жастарға екі абзац мәтін жазудың өзі қиын — Назгүл Қожабек
Фото: видеодан алынғын скрин

— Қазір жастар арасында кітап оқу азайып кеткені байқалып отыр. Адамның оқыған кітабындағы сөйлем құрылымы есінде қалады ғой. Ал қазіргі кезде шынымен кітап оқымаған, біз көрген фильмдерді көрмеген жастар көбейген. Бүгін мемлекет те соның орнын толтыруға талпынып жатыр. Бұйрықтар шығып, науқан басталды. «Әттеген-ай» деген дүниелер енді дұрысталады деген үміт бар, — деді ол.

Назгүл Қожабек мектептегі қазақ тілін оқытуда да мәселе бар екенін айтты. Оның сөзінше, бұрын оқушылар мазмұндама, шығарма жазу арқылы ойын қағазға түсіруге машықтанса, қазір бұл дағды әлсіреген.

— Реформалардың салдарынан мектептердегі қазақ тілін оқыту да қатты ақсап қалды. Біз сияқты мазмұндама, шығарма жазып өскен ұрпақ жоқ қазір. Диктанттың өзін балалар қиналып жазады. Екі бет шығарма жазуды былай қойғанда, екі абзацтың өзін қиналып жазады. Ең басты ақсап тұрғаны — лексика емес, грамматика. Олар грамматиканы білмейді, — деді Назгүл Қожабек.