«Қазцинктегі» апат: Қала тұрғыны Өскемен әкімін сотқа берді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласының тұрғыны «Қазцинк» кәсіпорнында болған апаттан кейін халыққа ықтимал қауіп пен сақтық шаралары туралы ақпарат уақтылы жеткізілмеген деп есептеп, қала әкіміне қарсы сотқа талап-арыз түсірді.
Талап-арызды заңгер Алексей Божков берген. Бұған 5 мамыр күні «Қазцинк» ЖШС аумағында болған апат себеп болып отыр. Заңгердің айтуынша, оқиға болған алғашқы сағаттарда тұрғындар жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін және қалай әрекет ету керектігін білмеген.
— Кәсіпорында жарылыс болды, бірақ одан кейін мемлекеттік органдар тарапынан үнсіздік орнады. Болған жағдайды әлеуметтік желілерден білдік. Түске дейін қандай да бір ресми ақпарат алуға тырыстық. Білім бөліміне, Экология департаментіне, әкім аппаратына, ішкі саясат бөліміне хабарластық. Барлығын толғандырған негізгі сұрақ — тұрғындар не істеуі керек? Үйде қалу қажет пе, қаладан шығу керек пе, балаларды мектепке жіберуге бола ма?, — дейді Алексей Божков.
Оның айтуынша, ресми түсіндірме болмағандықтан, баласын сол күні мектепке жібермеген. Кейін Экология департаменті апат салдарынан атмосфераға 2,8 тонна мырыш шаңының тарағанын хабарлады. Осыған байланысты кәсіпорын экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Заңгердің айтуынша, бұл — осыған ұқсас алғашқы сот ісі емес. Бұған дейін де Өскемен ауасында хлорсутек концентрациясының шекті мөлшерден асуына байланысты сотқа жүгініп, мұндай жағдайларда тұрғындарға ресми ақпарат жедел берілуі тиіс екенін алға тартқан. Бұл жолғы талап-арызында Алексей Божков соттан техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде халықты ақпараттандыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың іс-әрекетіне құқықтық баға беруді сұрап отыр.
Ал Өскемен қаласының әкімдігі әрекетсіздік туралы айыптаулармен келіспейтіндерін білдірді.
— 5 мамыр күні оқиға туралы ақпарат түскен бойда қала әкімі Алмат Ақышов төтенше жағдай орнына барып, онда жедел штаб құрылды. Оның құрамына төтенше жағдайлар қызметі, кәсіпорын мамандары және уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Сол күні әкімдік ресми ақпараттық ресурстарында тұрғындарға болған оқиға туралы хабарлап, мүмкіндігінше үйде болуға, аса қажет болмаса сыртқа шықпауға, керек болған жағдайда қорғаныс маскаларын қолдануға және ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырды. Бұл хабарлама төтенше жағдайлар кезіндегі бекітілген өзара іс-қимыл алгоритміне сәйкес жарияланды, — деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Қазіргі уақытта талап-арыз бойынша сот процесі жалғасып жатыр.
Еске салсақ, осыған «Казцинк» кәсіпорнындағы жарылыстан 9 адам зардап шегіп, олардың үшеуі ауыр жағдайда екенін жазған едік.
Кейінне кәсіпорнындағы жарылыстан екі адам қаза болғаны айтылды.