ҚазҰУ-де әйгілі ғалым Мария Кюриге ескерткіш ашылды

МАТЫ. 18 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінің холына әлем әйелдерінің ішінде ең үздік ғалым болып мойындалған поляк қызы Мария Кюриге ескерткіш ашылды.

ҚазҰУ-де  әйгілі ғалым Мария Кюриге ескерткіш ашылды

Бұнымен қатар, бүгін осы факультеттің зертханасы мен аудиториясына Мария Склодовский Кюридің есімі берілді.

Аталмыш шаралардың салтанатына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалым Мұтанов, Алматыдағы Польша мемлекетінің Бас консулы Веслав Осуховский мырза, Поляк Химия қоғамының президенті, профессор Богуслав Бушевский қатысты.

«Бүгін біз айтулы оқиғаның куәгері болып отырмыз. Мария Кюри - поляк халқының ұлы қызы және ол Отанының патриоты. Бүгін екі ел арасындағы ынтымақтастыққа үлкен мүмкіндіктер ашылуда. Бұл орайда, польшалық химия ғылымы әлемдік деңгейде екенін атап өткім келеді»,-деді Польша мемлекетінің Бас консулы Веслав Осуховский.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғалым Мұтанов бүгінгі шара ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына және Мария Кюриге Нобель сыйлығын тағайындағанына 100 жыл толуына орай өткізіліп отырғандығын атап өтіп: «Мария Кюридің ғылыми зерттеулері, жеткен жетістіктері біздің студенттерімізге үлгі аларлық үлкен мысал бола алады»,-деді.

Оның айтуынша, оқу ордасы Польшаның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық байланысты ұлғайтуда. «Алдағы уақытта зертхана базасында біріккен ғылыми жобалар іске асырылатын болады және тәжірибе алмасу мақсатында біздің елдің ғалымдары мен студенттері Польшада біліктіліктерін артырады, ал, Польша ғалымдары бізде дәрістер оқитын болады»,-деді Ғ. Мұтанов.

Кездесу барысында Польша тарапы Мария Кюри зертханасы халықаралық мәртебеге ие болатындығын және зертхананың жабдықталуын қолға алатындықтарын айтты.

Мария Кюриге қойылған мүсін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің бастамасымен және Польша Елшілігінің өзара келісімінің арқасында мүмкін болған. Мүсін Поляк Химия қоғамының қаржылай қолдау көрсетуімен қойылды.

Мүсіннің және Мария Складовская-Кюри зертханасы мен оқу дәрісінің ашылуы салтанатты жиынға ұласты. Жиын барысында Поляк Химия қоғамының президенті Богуслав Бушевский ғылым мен екі ел оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлестері үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғалым Мұтановқа, Алматыдағы Польша мемлекетінің бас консулы Веслав Осуховский мырзаға және қала әкімінің орынбасары Серік Сейдумановқа «Мария Кюри» медалін табыстады.