ҚазҰУ-де Польша университеттерінің күндері өтуде

АЛМАТЫ. Сәуірдің 6-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Поляк университеттерінің күндері» ашылды,

ҚазҰУ-де  Польша университеттерінің күндері өтуде
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Шараға қатысу үшін алғаш рет елімізге Польшаның үздік 10 университетінің өкілдері мен Варшава мэрінің орынбасары іссапармен келді. Поляк жоғары оқу орындары мен еліміздің бас жоғары оқу орны арасындағы байланыс 1998 жылы орнаған болатын. Содан бергі уақытта екі жақты 6 келісім мен меморандумға қол қойылды. «Біз Қазақстанмен бұл саладағы байланысты одан әрі тереңдете түсуді көздеп отырмыз. Осы сапарымызда «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға мүмкіндік беретін Польша жоғары оқу орындарының санын ұлғайту жөнінде келісім жасасуды, Польшадағы жоғары оқу орындары туралы қазақстандықтарға мол мағлұмат беруді көздеп отырмыз», - дейді поляк делегациясының жетекшісі, Варшава Техникалық университетінің ректоры Владимир Курник. Оның айтуынша Польшада бүгінде 310 жеке, 138 мемлекеттік жоғары оқу орны бар. Олардың 100-ден астамы ағылшын тілінде білім береді. Жалпы 38 миллион тұрғынның 2 миллионы - студенттер. Шара барысында қонақтар ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұловпен, сондай-ақ оқытушылармен және студенттермен кездесіп, поляк университеттері жайлы пікір алмасты. Польшалық делегация ертең Астанада болып, ондағы жоғары оқу орындарында, ҚР Білім және ғылым министрлігінде бірқатар кездесулер ұйымдастырмақ.