ҚДБ Чехияға қазақстандық фосфордың экспорттық жеткізімдерін қаржыландырды

Құны 3 млрд теңге мәміле «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясаты аясында қазақстандық экспортшыларды қолдау мақсатында қаржыландырылады. Қаржыландыру шарттары ҚР Үкіметінің 2015 жылдың 23 сәуіріндегі №271 қаулысымен бекітілген.
Жеңілдікті қарыз қаражаты энергия қорлары мен шикізат сатып алуға, сары фосфорды одан әрі өндіруге және экспорттауға жұмсалады. Осы экспорттық операция ауқымында синтетикалық жуу құралдарын, тағамдық фосфат және фосфат қоспаларын өндіруде маманданатын «Fosfa a.s.» ірі чех компаниясымен келісім-шарт бекітілген.
«Таяудағы бес жыл ішінде біздің кәсіпорын негізгі фосфорлық шикізат түрлерінің экспортын шамамен үштен бірге арттыруды және қызыл және бес күкіртті фосфор шығарылымын жолға қоюды жоспарлайды. Ол шығарылатын өнім түрлерін жоғары қосылма құнмен арттыру мүмкіндігін береді. Мемлекет пен «Бәйтерек» холдингі тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдау ҚДБ желісі арқылы қолжетімді қаржыландыруды ұзақ мерзімге алу мүмкіндігін береді, ол өз кезегінде өткізу нарықтарын кеңейтуге және Қазақстанның химия саласындағы кәсіпорындарын дамытудың басым мәселелерін шешуге септеседі», - деді «Қазфосфат» ЖШС басқармасының төрағасы Мақсұтбек Есенов.
ҚР Ұлттық қорынан, «Бәйтерек» холдингісіне ҚДБ желісі арқылы өңдеу өнеркәсібінде шығарылатын қазақстандық тауарлар экспортын қолдауға 2015 жылы 35 млрд теңге бөлінді. Көзделген қаражат ауқымында ағымдағы жылдың 27 тамызындағы жағдай бойынша жалпы сомасы 31,2 млрд теңгені құрайтын барлығы 6 жоба қаржыландырылды.
«Қазфосфат» ЖШС 1999 жылдың қазан айында құрылған. Кәсіпорын Қазақстанда фосфоритті кен және құрамында фосфор бар өнімдердің жалғыз өндірушісі және химия өнеркәсібі үшін әлемдегі ірі қарапайым фосфор өндірушілерінің бірі болып табылады. Кәсіпорында өнімнің 20 түрін қайта өңдеу мен өндіруден бастап, оларды түпкі тұтынушыларға жөнелтуге дейін толық өндірістік цикл жолға қойылған. «Қазфосфат» ЖШС өнімдері әлемнің 27 елінде, оның ішінде Қазақстан, ТМД елдері, Еуропа және АҚШ нарықтарында сатылады.