Кеден бекеттеріндегі камералар Астанадағы мониторинг орталығына тікелей қосылады

АСТАНА. KAZINFORM – Шекарадағы өткізу пункттеріндегі бақылау камералары Астанадағы Бірыңғай мониторинг орталығына тікелей қосылады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты.

кеден бекеті, өткізу пункті
Фото: Қаржы министрлігі

— Шекара және кеден бекеттерінде интернетке қол жеткізуге қатысты, бүгінде елімізде 102 өткізу пункті жұмыс істейді. Олардың көпшілігі байланыспен қамтамасыз етілген. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының шеңберінде 38-іне талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу, барлық пункттерді Мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік желісіне қосу, сондай ақ бақылау камераларын пункттерден Астанадағы Бірыңғай мониторинг орталығына шығаруды қамтамасыз ету жоспарланып отыр, — деді ол Үкімет отырысында жасаған баяндамасында. 

Сондай-ақ ол 50 өткізу пунктін ұялы байланыспен қамтамасыз етілетінін айтты. 

— Сонымен қатар, спутниктік интернетті қоса алғанда, қоғамдық WiFi нүктелерін орналастыру жоспарланып отыр. Ал 2026 жылы 50 өткізу пунктін ұялы байланыспен қамтамасыз ету шекарадағы цифрлық инфрақұрылымды айтарлықтай күшейтеді, — деді министр. 

Айта кетейік, күні кеше Мемлекет басшысы Жолауда кейбір шекара және кеден бекетінде сапалы интернет жоғын айтып, бұл саланы сынға алған еді. 

Соңғы жаңалықтар