Кеден бекеттеріндегі «қызыл түйме» арқылы қанша өтінім түсті
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитеті «қызыл түйме» мен кедендік рәсімдеу орталықтарының жұмысы жайында мәлімет берді.

Ведомство мәліметінше, сервис іске қосылған сәттен 2025 жылдың 27 тамызға дейін кеден қызметтері бойынша 47 өтінім түскен. Орташа есеппен алғанда аптасына 2-3 өтінім түсіп тұрады.
«Қызыл түйме» көмегімен QR-кодты сканерлеу арқылы азаматтар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар туындаған мәселе бойынша МКК төрағасына тікелей жүгіну мүмкіндігіне ие.
Өтінімді беру формасы қарапайым әрі түсінікті, оны бірнеше минут ішінде толтыруға болады. Қалауыңыз бойынша өтінімді анонимді түрде жолдауға мүмкіндік бар.
- Бұл құрал кеден қызметтерін алу кезінде туындайтын қиындықтарға жедел әрекет етуге және қызметкерлер тарапынан әдепсіз мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған, - деп атап өтеді Мемлекеттік кірістер комитетінен.
Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов кеден қызметіне құқық қорғау органының функцияларын беру қажеттігін айтқан еді.