Кеден одағы елдері шеттен автомобиль әкелудің бұрынғы тәртібін уақытша сақтауға уағдаласты
САНКТ-ПЕТЕРБОР. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - Кеден одағы елдері шеттен автомобиль әкелудің бұрынғы тәртібін уақытша сақтауға уағдаласты.
Бұл туралы Ресей Үкіметінің төрағасы Владимир Путин мәлімдеді.
«Біз әріптес елдер азаматтарының автокөлік әкелуіне қатысты шешімді алып тастауға дайынбыз және бұл салада өтпелі кезең іске қосылуы тиіс», - деді В.Путин.
Оның айтуынша, мұндай шешім Қазақстан мен Беларустың әлеуметтік маңызы бар мәселелерін ескере отырып қабылданған.
Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ресейлік тарапқа аталмыш мәселеге қатысты түсіністік танытқанына алғысын білдірді.
ҚР бірінші вице-премьері Өмірзақ Шөкеев түсіндіргендей, Қазақстанда жеке тұлғалар үшін шетте өндірілген машиналарды әкелуде жеңілдетілген кедендік кесте қолданылады. «Бір жеке тұлға жылына бір рет бұрынғы төмендетілген баж салығы бойынша көлік әкеле алады», - деп атап өтті Ө.Шөкеев.
Бұл ретте ресей нарығын қорғау үшін осындай жолмен әкелінген көліктер Ресей Федерациясы аумағында сатылмайтын болды.
«Бұл қолдан келетіндей техникалық бақылау. Тіркеу органдары мен кедендік бекеттер арқылы біз Қазақстанға арзан баж салығымен енгізілетін автокөліктерді Ресей аумағына кіргізбеуді қамтамасыз етіп, кепілдік бере аламыз», - деп есептейді ҚР бірінші вице-премьері.