Кеден одағы іске қосылғасын бәсекелестік артады, өндірушілер бәсекеге дайын болулары тиіс - К.Мәсімов

; АСТАНА. Қарашаның  30-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің пайымдауынша, Қазақстан, Ресей және Беларус арасында Кеден одағы іске қосылғасын бәсекелестік артады, сондықтан өндірушілер бәсекеге тастүйін дайын болулары тиіс.
None
None

Үкімет басшысы бұл пікірін «Эксперт - 100 - Қазақстан» атты жыл сайынғы экономикалық форумда сөйлеген сөзінде білдірді, деп  хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін біз дағдарыс кезінде Қазақстанда болып жатқан жалпы жағдайды талқылаудамыз. Біз Ресей аумағындағы экономикалық жағдай қалай дамып жатқанын мұқият бақылап отырмыз. Себебі, біз объективті түрде бір-бірімізге өте мұқтажбыз. Кеден одағы құрылғасын қазақстандық компаниялар Ресей рыногына, ресейлік компаниялар Қазақстан рыногына еркін шыға алады. Бәсекелестік артатын болады. Бұдан, сөз жоқ, тұтынушылар ұтады. Сондықтан да өндірушілер бәсекеге барынша қабілетті болуға тастүйін дайын болуы тиіс», деді өз сөзінде Премьер-Министр.

Премьер-Министр өткен жұмада Минскіде үш мемлекеттің - Қазақстан, Беларус және Ресейдің басшылары Кеден одағын құру туралы шартқа қол қойғандығына тоқтала келе: «Бұл біздің келешекте дамуымыз үшін өте маңызды кезең», деді. Оның айтуынша, 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап үш мемлекеттің төңірегіндегі Кеден шекаралары біртұтас болады, кедендік тариф саясаты да біртұтас болады. «Қол қойылған шартқа сәйкес, үш мемлекеттің үкіметтері кедендік тарифтер мәселесін реттей алмайды. Мұнымен ұлтүстілік орган - Кеден одағының Кеден комиссиясы айналысатын болады», деді К. Мәсімов.

Сонымен қатар Мемлекет басшылары үш мемлекеттің аумағында әрекет ететін Біртұтас Кеден кодексіне қол қойғандығын айтқан Премьер-Министр: «Жарты жылдың ішінде ұлттық үкіметтер елдің ішіндегі барлық заңнамаларды Кеден одағының Кеден кодексіне сәйкестендіруі тиіс», деді.

Оның айтуынша, осы жылғы желтоқсанның 18-інде Президенттер Алматыда, желтоқсанның 11-інде Премьер-Министрлер Санкт-Петерборда бас қосады. Онда Кеден одағының төңірегіндегі келесі қадам қандай болуы тиістігі талқыланады. Келесі қадам Біртұтас  экономикалық кеңістікті құру болып табылады.

Премьер-Министрдің айтуынша, 2010 жылғы шілденің 1-інен бастап Қазақстан мен Ресей арасындағы Кедендік шекаралар алынып тасталады. Онда тек шекарашылар ғана қалады. Қытай мен Қазақстан шекарасынан өткен тауар Беларус пен Польша шекарасына дейінгі аралыққа қандайда бір кедендік тескерусіз баруы тиіс. «Бұл дегеніміз жаңа, үлкен әрі бәсекеге қабілетті рынок пайда болады деген сөз. Келесі жылы бұның аясында көптеген қызықты оқиғалар болатынына сенімдімін», деді Премьер-Министр.

Соңғы жаңалықтар