Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Кеден одағы Қазақстан мен Беларусь экономикасын жақындата түсті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Кеден одағы күннен-күнге Қазақстан, Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасының экономикасын жақындата түсуде. Осыған байланысты мемлекетаралық байланыстар өңірлік деңгейге алмасып, уақыт өткен сайын дамып, нығайып келе жатқандығы анық байқалады. Бұл жайтқа Атырау өңіріне Беларусьтың Гомель облысынан делегаттардың арнайы ат басын бұруда да жарқын дәлел бола алады.

Кеден одағы Қазақстан мен Беларусь экономикасын жақындата түсті

Осы ретте ҚазАқпараттың аталған өңірдегі тілшісі А.Соколов Гомель облысы губернаторының орынбасары - делегация жетекшісі Болеслав Пирштукты сұхбатқа тартып, екі мемлекет арасындағы экономикалық қарым-қатынастар, басымдықты бағыттар жайында әңгімелескен еді.

- Болеслав Казимирович, Беларусь пен Қазақстан бір-бірінен географиялық тұрғыдан алып қарағанда алшақ орналасқан. Дегенмен, бұқаралық ақпарат құралдарында біздің елімізде жұмыс істейтін беларусь компанияларының атауын жиі кездестіресің.

- Иә, дәл солай екендігі рас. Бұған қоса, тұрақты байланыстар Қазақстан мен біздің арамызда президенттер деңгейінде де жүзеге асырылып келе жатқандығын баса айтқым келеді. Экономикалық байланыстарды дамытуға Кеден одағы серпін бергендігі сөзсіз. Қазірдің өзінде бұл одақ қуатты құрылым екендігі әрі оның барлық тиімді тұстары толығымен пайдаланылмағандығы мойындалып отыр. Бұған қарамастан біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы жылдан-жылға артып келеді.

- Бүгінгі таңда жалпы тауар айналымының көлемі қандай екендігін айта аласыз ба?

- Жылына шамамен миллиард долларды құрайды. Бастапқыда бұл цифр қомақты көрінуі мүмкін. Дегенмен, бұл біздің өзара сауда-саттығымыз үшін шек еместігін баса айтқым келеді. Шынымен де елдер арасындағы тауар айналымы, оның ішінде өңіраралық деңгейде де артып келе жатқандығы қуантады. Мәселен, Гомель мен Атырау облыстарын алар болсақ, біздердің арамызда келісімге қол қойылған. Бұл сауда-саттық қарым-қатынастарды жекелеген компаниялар деңгейінде барынша тығыз жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

- Беларусьты, оның ішінде Гомель облысын Қазақстандағы қандай өнімдер қызықтырады?

- Біз сіздерден көптеген өнім сатып аламыз. Бұл ең алдымен металлургиялық кәсіпорындардың өнімі, химиялық тыңайтқыштардың мол түрі. Міне осылар біз сатып алатын негізгі өнімдер. Әрине, мұнан бөлек шағын кәсіпорындар деңгейіндегі ынтымақтастық та қарқынды жүргізілуде.

- Ал қазақстандық бизнесті Беларусьтың қандай салалары қызықтырады?

- Менің көзқарасымша, ең бірінші Қазақстанда беларусь өндірушілерінің ауыл шаруашылығы өнімдері, ағаш өңдеу компанияларының бұйымдары өтімді. Біздің жиһаздарымыздың сіздің елдеріңіздегі өтімділігі жаман емес. Сонымен қатар бізде ауыл шаруашылығы машиналарын жасау да барынша жақсы дамыған. Сондықтан біз Қазақстанда комбайн құрастыратын зауыт салу арқылы бұл олқылықтың орнын жаба алар едік. Ол бірлескен компания болады әрі сіздердің нарықтарыңызға тек комбайн ғана емес, ауыл шаруашылығы техникаларының толық шоғырын жеткізетін болады. Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін компаниялардың біздің құрал-жабдықтарымызды, технологияларымызды қажетсініп отырғандығын білеміз және де өзіміздің тәжірибемізбен бөлісуге де дайынбыз. Оның ішінде агрокешендерін құру мәселесі де бар. Біздердің проблемаларымыз ортақ. Ауылда кадрларды, оның ішінде бірінші кезекте жастарды қалай тартуымыз қажет? Ауыл шаруашылығы өнімдерін қа йта өңдеуді қалай жолға қоюға болады? Меніңше, осындай сауалдарды шешу үшін ауылдық жерлерде бірлескен кәсіпорындар құру қажет сияқты. Олар өз өнімдерін Қазақстанның, сонымен бірге Беларусьтың нарығына да шығара алар еді. Бұдан бөлек өнеркәсіп секторында да пайдаланылмай келе жатқан қор жеткілікті.

- Осы жайында тарқата айтып берсеңіз

- Ниет болса, кез келген салада бірлесіп жұмыс істеуге болады. Мәселен, мұнай саласын алайық. Өйткені Атырау облысы Қазақстанның мұнай өндіру орталығы ғой. Біз де мұнай өндіреміз. Бірақ, біздің өндіретін мұнайымыздың көлемін айтудың өзі ыңғайсыздау, ол жылына шамамен 2 млн. тоннаны құрайды. Бұған қоса беларусь мұнай өңдеу кәсіпорындары жылына 23 млн. тонна мұнайды қайта өңдейді. Біздердің сырттан келетін шикізатпен жұмыс істейтіндігіміз, алынған өнімді сататындығымыз түсінікті. Қазақстанда геологиялық барлауда, мұнай өндіруде және біздердің қызығушылықтарымызды туындататын мұнай өңдеу өнімдерін шығару технологиясында тәжірибесі жеткілікті. Ал бұл дегеніңіз бірлескен ынтымақтастық үшін жаңа алаң емес пе? Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей араласуымен сіздерде шағын және орта бизнес қарқынды дамып келе жатыр. Біз сіздердің бұл бағытта біршама алға шығып кеткендеріңізді мойындаймыз. Сондықтан біздер үшін сіздердің осы бағыттағы тәжірибелеріңізді қаперге алу барынша маңызды болып тұр әрі бұл бағыттағы ынтымақтастығымыз жемісті болатындығы сөзсіз.

Біз неге тек экономика тақырыбында ғана сұхбаттасуымыз керек? Халықтар арасындағы мәдени байланыстардың да дамығаны өте маңызды ғой. Мені мәдениет пен өнерді дамытудағы қазақстандық деңгей сүйсіндіреді. Бұл саладағы байланыстарымыз барынша мол болған сайын біз бір-бірімізді етене жақын біле түсеміз. Қазақстанда алғаш рет емеспін әрі елдің қалай гүлденіп келе жатқандығын көріп отырмын. Қостанайда, Алматы мен Астанада болдым. Сол қалаларға бір-екі жылдан кейін келсем, адам танымастай өзгеріп шыға келеді. Біздің елдеріміздің азаматтары көбірек араласқан сайын біздердің де ұтарымыз мол болмақ. Байланыстардың нығая түсуіне үш елдің кең байтақ аумағында осы жылдың аяғында толығымен құрылатын Бірыңғай экономикалық кеңістік те көмектесетіндігі түсінікті.

- Сұхбатыңызға рахмет!