Кеден одағы құқыққа қайшы әрекеттердің өрбуіне жол ашуы мүмкін - Беларус ІІМ

АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Кеден одағы құқыққа қайшы әрекеттердің өрбуіне жол ашуы мүмкін. Сондықтан да құқық қорғау органдары үшін криминогендік ахуалды дұрыс болжау маңызды.

Кеден одағы құқыққа қайшы  әрекеттердің өрбуіне жол ашуы мүмкін - Беларус ІІМ

Бүгін Кеден одағына мүше мемлекеттер Ішкі істер министрлерінің кеңесінде Беларус Республикасы Ішкі істер министрі Анатолий Кулешов осылай мәлім етті.

«Бүгінгі кездесу біздің мемлекеттеріміз үшін бірегей кедендік кеңістік қалыптастырудың маңыздылығын дәлелдей түседі. Беларус тарапы кез-келген одақтың, оның ішінде бауырлас мемлекеттермен құрылған Кеден одағын жұртшылық игілігіне айналуы тиіс деп есептейді. Бұндай одақтың құрылуы мемлекеттеріміз үшін де, ТМД кеңістігіндегі ықпалдастық үдерістеріне де айтарлықтай әсер етеді. Бұл мемлекеттеріміздің экономика саласындағы өзара байланыстарын жаңа сапалы деңгейге арттырады», деді Беларус ІІМ басшысы Анатолий Кулешов.

Министрдің айтуынша, заманауи тиімді ортақ нарық қалыптастыру ең алдымен үш мемлекеттің халқының жағдайын жақсарту мен елдер экономикасының қарқынды дамуы үшін аса қажет.

«Әрине, мемлекеттеріміз үшін Кеден одағының құрылуынан өзара тиімділіктің болатыны айқын. Алайда, оптимистік болжамдармен қатар, қылмыс әлемінен Кеден одағы елдерінің экономикасына келетін қауіпті де естен шығармауымыз керек. Сондықтан да, біз жаңа экономикалық жағдайда орын алуы мүмкін криминогендік ахуалды дұрыс болжап, жағымсыз құбылыстарды болдырмау жүйесін әзірлеуіміз керек. Қазақстан, Ресей, Беларус арасындағы Кеден одағының құрылуы көптеген құқыққа қайшы әрекеттердің өрбуіне жол ашуы мүмкін. Бұған ең алдымен контрабандалық тауарлардың заңсыз айналымы, криминалды автобизнес, заңсыз есірткі айналымы, заңсыз көші-қон және т.б. жатқызуға болады», деді А. Кулешов.