16:32, 01 Наурыз 2010 | GMT +5
Кедендік кодекске ешқандай өзгерістер енгізілмейді
nbsp;АСТАНА. Наурыздың 1-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Кедендік кодекс сол бастапқыда қол қойылған қалпында қалады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында жақында Мәскеуде өткен Кеден одағы комиссиясының кезекті отырысының нәтижесін баяндау кезінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кедендік кодекс сол басында қол қойылған күйінде қалады. Ешқандай да өзгерістер енгізілмейді. Тек арасында техникалық өзгерістер ғана бар», деді Ө. Шөкеев.
Сондай-ақ ол отырыс барысында Оңтүстік шекара туралы мәселе қозғалғанын айтып өтті. «Келесі жылғы шілденің 1-іне дейін толық Оңтүстік шекараны жабатын боламыз деген дәлелді пікір айтылды», деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Кеден одағы құрамындағы Ресей мен Беларус мемлекеттері Қазақстанның Оңтүстік шекаралар арқылы тауарлардың заңсыз кірмеуі үшін тиісті шаралар қабылдауды ұсынған болатын. Осыған байланысты Қазақстан Үкіметі қажетті шараларды қолға алды.