Кедендік одақ аясындағы басты талап - бәсекеге қабілеттілік

Екіншіден, Кедендік одақ аясындағы өнеркәсіптік әлеует 600 млрд. доллар шамасында бағалануда. Ендеше бұндай ауқымды әлеуетте бірегей кедендік саясат ұстану, сыртқы тарифтік мәселені бірігіп реттеу үлкен сауда алаңының жандануын, жаһандық дағдарыс қайта бастаған кезеңдегі алып қозғалыс дүмпуін білдіреді. Әлбетте, бұндай дүмпу ішкі және сыртқы нарыққа бірдей әсер береді. Сол үшін де бұндай кедендік кеңістікке Еуразия құрлығында ғана емес, әлем елдерінде үлкен мән беріліп отыр. Оның үстіне Қазақстан, Беларус, Ресей мемлекеттері Кедендік одаққа біріге отырып, алдағы уақыттарда ДСҰ-ға сол қалыппен, яғни Кедендік одақ аясында енуіміз мүмкін дегендей ниеттерін байқатты. Бұндай тосын жаңалыққа бірқатар салмақты экономикасы бар елдер қобалжып қарағаны жасырын емес. Ал болашақта ДСҰ-ға қатысты шынымен бұндай қадам жасалса, соның өзі әлемдік экономикалық қауымдастық үшін айрықша мәнге ие болатыны белгілі.
Қазір жұрт арасында Кедендік одаққа қосылғаннан Қазақстанның ұтары қайсы, ұтылар тұсы не болмаса, қазірден баса назар аудару қажет саласы қәне, деген сауалдар жиі көтеріліп келеді. Шындығында, Кедендік одақ Қазақстанға қосымша жетістіктер ғана «сыйлап» қоймайды, бұндай кеңістік еліміздің бұрыннан басым салаларының бәсекеге қабілеттілігін жоюы, тіпті құрдымға кетіріп, орнын басып алуы әбден мүмкін. Мәселен, қазір мемлекет аграрлық саланы дамыта түсуге, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға үлкен мүдделілік танытып отыр. Бірақ осы мемлекеттің қолдауындағы саланың өзі кедендік одақ аясында бәсекелестікке төтеп бере алмай титықтап қалуы ғажап емес. Сол үшін Қазақстан Кедендік одақ табалдырығында тұрып, өз елінің мықты және әлсіз тұстарын қайта-қайта бағамдап, қажет болып жатса болашақта теріс салдарға ұрынып, «бармақ шайнамас» үшін алдын алу шараларын бүгіннен қолға ала бергені орынды. Бұл бүгінгі Үкіметтің ең басты айналысар мәселесі.
Осы аптада Кәрім Мәсімовтың жетекшілігімен өткен Үкімет отырысында Кедендік одақ аясындағы Қазақстанның салық саласы жөнінде әңгіме болды. Премьер-Министрдің бағалауынша, қазіргі күні еліміздің салық саясаты Кедендік одақ аясындағы басқа елдермен салыстырғанда ыңғайлы әрі тиімді болып табылады. Оның үстіне, бұған дейін Қазақстан ДСҰ-ға кіру мақсатында салық саясатына қатысты біршама шараларды атқарып, бұл бағыттағы заңнамасын әлемдік бағдарға ықпалдастыра түскен болатын. Яғни, Қазақстанның қалған екі мемлекетке қарағанда салық саясаты озық. Дегенмен бірегей кедендік кеңістік үшін салық саясатына қатысты бірқатар келісімшарттар қабылданды, ендігі заң осы бағдарға қарай ыңғайланды. Сондықтан да, алдағы уақытта Қазақстанның салық саласы маңызды рөл атқарып ғана қоймайды, үлкен салмақты да көтеретін болады. Бұл ретте К. Мәсімов: «Кедендік одақ өз күшіне енгеннен соң көптеген тауарлар мен жүктер кедендік тіркеуден біздің елімізде өтуі әбден мүмкін. Бұл отандық салыққа тікелей байланысты. Сондықтан да қазірден бастап мұның бәрін реттеп, үйлестіріп алған жөн. Жаңа жылдан бастап салық саласындағы әкімшілендіру жүйесін жетілдіре түсу қажет. Адал салықшыларды мазаламау, ал салықтан жалтаратындардың барлығын әшкерелеп, анықтап, тиісті жазаларын беру қажет» деді.
Шындығында, мемлекеттік кірістің негізгі өзегі салық екендігі рас. Дегенмен, бүгінгі қоғамда салыққа қатысты сауаттылық, адал салықшы мәселесі әлі де өз деңгейінде деп айтуға келмейтіндей. Мәселен, батыстың озық елдерінде кез-келген салық төлеуші тұрмыстық-әлеуметтік мәселеде өз талабын билікке тапжылмай қоя алады және бұл ретте олар ең бірінші өзінің салық төлеп отырғанын алға тартады. Ал «салықтан жалтарды» деген «атақтың» соңы үлкен дауға ұласып жататыны да шындық. Тіпті, шетелде ірі көлемде салықтан жалтару фактілері тіркелсе, оның қалай аяқталатынын қоғамның өзі-ақ қадағалайды. Ал Қазақстанға келетін болсақ, салық мәселесіне қатысты сауатты арттыру әлі өзекті күйінде.
Мәселен, Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожиннің айтуынша, елордадағы мейрамхана мен ойын-сауық орындары секілді нысандар табыстарын ондаған есе төмендетіп көрсетуді әдетке айналдырыпты. «Қазіргі кезде Астана қаласындағы мейрамханалық-ойын-сауық бизнесі нысандарына ішінара іріктелген тексеру жүргізілді. Соның арқасында, аталған нысандардың өз табыстарын ондаған есе төмендетіп көрсететіндігі анықталды. Жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша енді олардың төлейтін салықтарының сомасы бес есе ұлғаятын болады», деді комитет төрағасы. Бұдан басқа, Салық комитеті құқық қорғау органдарымен бірлесіп тексерулер жүргізіп, елімізде ішімдік өнімдерін заңсыз шығару оқиғаларының жиілеп кеткендігін анықтаған. Соның салдарынан мемлекетке миллиардтаған шығындар келіп отыр. «Бұндай заң бұзу фактілерін ескере отырып, 2010 жылда ішімдік өнімдерінің жаңа қорғаныс белгілері бар акциздік маркаларын шығару жоспарлануда», деді Д. Ерғожин. Ресми мәліметтер бойынша, республикада биыл салық саласында 119 мың 700 тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде 389 миллиард теңге көлеміндегі айыппұл өндіріліпті. Ал Кедендік одаққа келетін болсақ, бұл бағытта Қазақстанда салықтық әкімшілік жүйесін одан әрі реформалау мәселесі туындайтын болады. «Мәселен, шекараны заңсыз жолмен кесіп өткен жүкті тұтқындауға салық органдарының құқығы жоқ. Соған сәйкес, Қаржы полициясы органдарымен өзара байланысты жақсартып, тіпті біртұтас диспетчерлік орталық құруымыз қажет», -дейді, Салық комитетінің бастығы Д. Ерғожин. Өз кезегінде Үкімет басшысы Кедендік одақ аясында біраз жұмыстың «басы қылтиятынын» алға тартып, ол бойынша тиісті тапсырмалар жүктеді. «Бұл жұмыстың басым бөлігі салық қызметіне қатысты. Сондықтан проблемаларды дұрыс қарап, оң шешім шығару қажет. Сонымен бірге, Кеден одағы мен біртұтас экономикалық кеңістік көптеген мәселелерді басқаша шешуді қажет етеді. Мәселен, ішкі шекарадан кеден қызметі алынып тасталады. Сондықтан, бұл бағытта салық органдарына қандай міндеттер жүктелетінін нақтылау қажет», - деді Кәрім Мәсімов. Үкімет басшысы, сондай-ақ бір реттік талондарды алып тастау жұмыстары мен жалпыға ортақ декларация мәселесі шешілер күн де алыс емес екенін ескертті.
* * *
Осы аптада Үкімет басшысы К. Мәсімов «Қазақстанның көлік құрастырушылар одағы» мүшелерімен кездесіп, бұнда да Кедендік одақ аясындағы мәселелер жайында әңгіме өрбіді. Жалпы, машина жасау саласына қатысты айтар болсақ, Кедендік одақ аясында Қазақстаннан гөрі басқа екі мемлекеттің бұл салада басымдығы айқын. Әрі сыртқы бірегей тариф саясатын ескерсек, көлікке, оның бағасына қатысты жұрт арасында айтылып жүрген әңгіменің жаны бар секілді. Дегенмен, «Қазақстанның көлік құрастырушылар одағы» Кедендік одаққа кіру қарсаңында еліміздің көлік құрастыру саласын дамытудың нақты бағыттары айқындалғандығын алға тартады. Бұл ретте алдағы уақытта мемлекет тарапынан отандық көлік құрастыру саласының барлық 37 бағытына емес, нақты бірнеше саласына қолдау көрсетілетін болады. Көлік құрастырушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаевтың айтуынша, еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында отандық көлік құрастыру саласының нақты бірнеше бағытын дамыту жоспарланған. Олар - мұнайгаз, көлік, тау-кен, металлургия және ауыл шаруашылығы саласындағы көлік құрастыру, сан-алуан құрал-жабдықтар мен қорғаныс өндірісі. «Бүгінгі таңда осы бағыттарға ерекше басымдық берілуде. Себебі, Кедендік одақ аясында осы салаларды көтеру арқылы өндіріс ошақтарының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге болады», деді М. Пішембаев. Оның сөзіне қарағанда отандық көлік құрастыру саласының негізгі бағыты теміржол болмақ.
Үкімет басшысы атап көрсеткендей, еліміздегі өндіріс ошақтарын жаңарту бүгінгі күннің басты мәселесі болуы шарт. «Біз отандық өндірісті жаңарту қажеттігін қанша қадап айтсақ та, одан пайда көрмеген кәсіпкерлер бұл жұмысқа кірісуге асықпауда. Меніңше, ондай өндірістердің жанынан жаңартылған өнеркәсіптерді ашу қажет. Сонда ғана олар өз өндірістерін жаңартатын болады. Ондай кәсіпкерлерге нақты талап қою қажет. Өндірісіңді жаңартасың немесе біз басқа өндіріс орынын ашатын боламыз. Осы бағытта жұмыс істеудің арқасында ғана біз отандық өндірістің ойдағыдай дамуына жағдай жасай аламыз», деген К. Мәсімов өз өнімін экспортқа шығарған өндірістерге Үкімет тарапынан қолдау жасалатынын да алға тартты. Ал экспортқа өнім шығару заманауи технологиялармен қаруланып, өндірісін заманға сай жаңғырта білген кәсіпорынның ғана қолынан келетін шаруа. Олай болса, «Егер біздің өнім экспортқа шығарылса, яғни ол бәсекеге қабілетті деген сөз. Осындай өнімді шығарған өндірістерге қолдау жасау қажет», деген К. Мәсімовтің бұл сөзі барды малданып, азды қанағат қылып керенау жатқан кәсіпорындарға қамшы болуы мүмкін. Мұның құр сөз емес, нақты жоспар екенін Үкімет басшысы сол кездесуде келесі жылдан бастап өндіріс ошақтарын 8 пайызбен несиелендіруге арналған жаңа бағдарламаның ашылатындығын мәлімдеуімен қуаттай түсті. «Міне, осы сияқты мемлекеттік көмек экспортқа шыға алған кәсіпорындарға көрсетілетін болады. Ендігі кезекте біз, біріншіден, еңбек өнімділігін көтере білген, екіншіден, өндірісін жаңартқан және үшіншіден, экспортқа шыға алған өндіріс ошақтарына нақты қолдау жасайтын боламыз», деді Премьер-Министр.