Кедергі емес, көпір салу қажет

ЦЮЙФУ. KAZINFORM – Шаньдун провинциясындағы Цюйфу қаласында өткен Қытай Медиа корпорациясының (CMG) IV Ғаламдық медиа-инновациялар форумына Қазақстан Республикасынан Президент Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева мен «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев қатысты. 

Кедергі емес, көпір салу қажет
Фото: Kazinform

Форумның басты сессиясында заманауи технологиялардың әсерінен жаһандық медиа-экожүйенің түрленуі мен БАҚ-тың өркениетаралық диалогке ықпалы талқыланып, онда Раушан Қажыбаева сөз сөйледі. Ол «қазіргі заманғы технологиялардың кейде кері бағытта, атап айтқанда жағымсыз контентті жасау мен тарату үшін пайдаланылатынын» айта келіп:

- Қазақстандық және қытайлық БАҚ дәстүрлі түрде шынайы, салмақты әрі шындыққа негізделген ақпараттарымен ерекшеленеді. Бұл бізге кедергі емес, көпір салуға мүмкіндік береді, – деді.

директор Телерадиокомплекса Президента Раушан Кажибаева
Фото: Kazinform

Сондай-ақ ол былай деп ой бөлісті:

- Қазақстан мен Қытайдың медиадағы әріптестігі берік, арадағы мәдени диалогті дамыту бағытымен ерекшеленеді. Бұған халықтардың өзара түсіністігі және бір-біріне деген құрметі арқылы қол жеткізіп отырмыз.

Телерадиокешен директоры өз сөзінде Мемлекет басшысының қазақ-қытай қарым-қатынасы туралы пікірін еске салды:

- Кеше еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қытай халқы қазақ халқына ешқашан зиян тигізген емес және болашақта да тигізбейді». Бұл сөзге алып-қосарымыз жоқ. Біз бұл ойды ақпараттық саладағы күнделікті жұмысымызда берік ұстануға дайынбыз.

IV Ғаламдық медиа форум барысында Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид, CNBC International президенті Дип Багчи, Associated Press-тегі Global Media Services вице-президенті және атқарушы директоры Эндрю Брэддел, Reuters агенттігінің президенті Пол Баскоберт және басқалары сөз сөйледі.

Пленарлық сессия аясында «Панда планетасы» жобасы мен «Қытай көзге көрінбейтін мұрасы арқылы» атты жаһандық турдың басталғаны жарияланды.

 IV Глобальный форум медиаинноваций Медиакорпорации Китая (CMG) в г. Цюйфу
Фото: ПТРК

Сонымен қатар форум шеңберінде Президент Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева мен Қытай Медиа корпорациясының (CMG) президенті әрі бас редакторы Шэнь Хайсюн арасындағы екіжақты кездесу өтті.

Айта кетейік, 2024 жылдың шілде айында Қазақстан мен Қытай көшбасшыларының қатысуымен Президент Телерадиокешені мен CMG ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжат ақпараттық контентпен, телебағдарламалармен алмасуға, сондай-ақ материалдарды тарату және тәжірибе алмасу мәселелерінде өзара қолдауға бағытталған.

ҚР Президентінің Телерадиокешені – толық циклді қазақстандық медиакомпания. Оның құрамына республикалық «Jibek Joly» телеарнасы, халықаралық «Silk Way» және «Silk Way Cinema» арналарымен қатар, «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі және Деректі кино орталығы кіреді.

Қытай Медиа корпорациясы (CMG) – әлемдегі ең ірі медиаконгломераттардың бірі. Оның құрамында Қытайдың Орталық телеарнасы (CCTV), Қытай халықаралық телеарна желісі (CGTN), Қытай ұлттық радиосы (CNR) және Қытай халықаралық радиосы (CRI) бар. Жалпы алғанда, корпорация 47 телеарна, 17 радиостанция және 17 газетті біріктіреді.

Соңғы жаңалықтар