Келер жылы Қазақстанда Еуропа жылын атап өту мәселесі қарастырылатын болады - Елбасына жолданған сұраққа жауап
Үстіміздегі жылғы қарашаның 13-і күні ҚР Президенті Н.Назарбаевпен болған тікелей эфирге жолданған сауалға ҚР Сыртқы істер министрлігінің берген жауабы осындай болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, қарашаның 3-і күні Елбасымен болған тікелей желіге сұрақтарды қабылдаған www.line.gov.kz сайтына Орал қаласының тұрғыны Зейін Айдыновтан: «Құрметті, Президент! Біз Еуразиялық елміз. Біздің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміздің маңызы зор, мүмкін біз оны әлі толықтай сезіне де алмай отырған шығармыз. Осы жылдан кейін біз Еуропаны барынша біліп, ал Еуропаға біздің елдің ерекшелігін мейлінше түсінуге мүмкіндік туатын шығар. Осы орайда Еуропамен экономикалық, мәдени және гуманитарлық қатынастардың жандануына мұрындық болу үшін келесі жылы елімізде Еуропа жылын атап өтудің мүмкіндігі қандай?», деген сауал келіп түскен болатын.
Үстіміздегі желтоқсан айының 3-і күні бұл сұраққа қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігі жауап берді. Ведомство, жолданған қызықты идеясы үшін З.Айдыновқа алғыс білдіріп, аталмыш жайт Қазақстан Республикасының 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында қаралатынын мәлім етті.