Келесі аптада Астана-Нью-Йорк жаңа әуе рейсін ашу бойынша келіссөздер басталады - П.Фостер

Айта кетейік, Астана мен Нью-Йорк арасын жалғайтын әуе қатынасын ашу туралы тапсырманы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында берген болатын.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау мақсатында әуе компаниясы осы қыста Дубайға, Гонконгка және 2016 жылдың соңына қарай Токиоға әуе қатынастарын ашады. Сонымен қатар, осы жылы Астанадан Парижге әуе жолын ашуды жоспарлап отырмыз. 2019 жылы ақпан айында Боинг 787 ұшақтарын алған соң Нью-Йорк бағытын ашамыз. Дәл қазір бұл рейстің жиілігі қандай болатынын айта алмаймыз, дегенмен келесі аптада АҚШ-қа барып, Америка тарапынан бізбен жұмыс істегісі келетін серіктестермен алғашқы келіссөздерді жүргізе бастаймыз », - деді П.Фостер.
Сонымен қатар, әуе компаниясы 2 маусымда Астанадан Сеул және Тбилиси бағыттарын ашты. Астана-Тбилиси рейсі бойынша аптасына екі рет «Embraer-190» лайнері ұшады. Осылайша, Алматыдан аптасына бес рет аталған қалаға қатынайтын рейстерді қосқанда Қазақстан мен Грузия арасындағы әуе қатынасы күн сайын жүзеге асырылатын болады.
Астана-Сеул рейсі бойынша «Boeing 767-300ER» ұшағы аптасына бір рет ұшады. Бұл аптасына үш рет жасалатын Алматы-Сеул рейсіне едәуір қосымша сеп болады. Шараға қатысқан Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чо Енгчонның атап өтуінше, тамыз айында Сеулден Астанаға қатынайтын әуе жолы ашылады.