«Келін» «Хабар» телеарнасында өтетін Ермек Тұрсынов фильмдерінің апталығын бастайды

Кино әлеміне өзгеге ұқсамайтын өзінше қолтаңбасымен келген Ермек Тұрсыновтың шығармалығы жөнінде көпшіліктің пікірі әралуан. Солай бола тұра оның түсірген туындыларының ешқайсысы ескерусіз қалған емес. «Келін» туралы көрерменнің пікірі екіге жарылса, «Шал» фильмін сыншылар қазақ киносындағы соны сүрлеу деп бағалады. Бұл екі туынды да әр жылдары «Оскар» сыйлығының «Шет тіліндегі үздік фильм» аталымына үміткер болған. Енді оның «Жат» фильмі осы сыйлыққа ұсынылып отыр. Кинотуынды қазірдің өзінде түрлі кинофестивальдарда жүлдеге ие болып үлгерді. Фильм нақты оқиғаға негізделген. Дүниеден баз кешіп, тақуа болған адамның өмірін суреттейтін туындының сценарийін ол 25 жыл жазыпты. - Біздің боксшыларымыз немесе доп ойнайтын футболшыларымыз олимпиададан медаль алып жатса, халық болып қуанамыз ғой. Бұйырып біз «Оскарды» алып жатсақ, бүкіл халқымыз қуанатын шығар. Сондықтан, басты мақсат - осы, - дейді кинорежиссердің өзі. 2015 жылғы «Оскар» сыйлығының иегерлері келер жылдың ақпан айында белгілі болады. Ал Ермек Тұрсыновтың киноларының көрсетілімі аясында шығармашылық топ 5 кешті «Хабар» көремендерімен бірге өткізеді. - Ермек Тұрсыновпен ашық көрсетілім акциясының басты мақсаты - кинематография үші өте құнды материалдардың, кинолардың біздің көрерменнің қауышуын қамтамасыз ету. Бұл қазақ киносын жаңа бір қырынан таныту, - дейді «Хабар» Агенттігінің бас продюсері Ринат Кертаев Сонымен, «Хабар» арнасында Ермек Тұрсынов фильмдерінің көрсетілімін 22 қарашада «Келін» туындысы бастайды.