Кен игеру, геологиялық барлау, құрылыс: Елімізде 250,6 мың гектар жер өнеркәсіп салдарынан бүлінген

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан аумағының 180 млн гектары шөлейттенуге бейім. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің 2023 жылғы қоршаған ортаның жай-күйі туралы ұлттық баяндамасында айтылған.

СҚО экология департаменті
Фото: СҚО экология департаменті

- Жердің сапалық сипаттамасының деректері бойынша Қазақстанда 90 млн гектардан астам жер эрозияға ұшыраған және эрозияға ұшырау қаупі бар. Оның ішінде іс жүзінде эрозияға ұшыраған жердің көлемі – 29,3 млн гектар. Жел эрозиясына ұшыраған жерлер республикада 24,2 млн га немесе ауыл шаруашылығы алқаптарының 11,3%-ы, - деп жазылған құжатта.

Жел эрозиясына ұшыраған алқаптарда тұзды батпақтар көбейіп, шаңды дауылдар жиілейді.

- Жел эрозиясына ұшыраған аграрлық алқаптардың негізгі алаңдары Алматы облысында – шамамен 2 млн га, Жетісу облысында – 2,9 млн га, Атырау және Түркістан облыстарында – 3,1 млн га, Қызылорда облысында – 2,8 млн га, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында – 2,0 млн га астам. Ауыл шаруашылығы алқаптары құрамындағы эрозияға ұшыраған жерлердің ең аз үлес салмағы ( 5 %-ға дейін) Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, - деп жазады министрлік сарапшылары.

Ал топырақты су шаю жағдайы Қазақстанның бүкіл өңірлерінде байқалған.

- Ауыл шаруашылығы алқаптарындағы шайылған топырақтың ең үлкен бөлігі Түркістан (0,9 млн га), Маңғыстау (0,8 млн га), Ақмола және Алматы (0,6 млн га) облыстарында орналасқан. Жел және су эрозиясы жүйелерінің бір мезгілде әсер етуі 201,7 мың гектар аумақта байқалады. Оның ішінде 191,9 мың гектары (99,4%) Батыс Қазақстан облысына тиесілі, - делінген құжатта.

2023 жылдың аяғындағы мәлімет бойынша кен игеру, геологиялық барлау жүргізу, құрылыс салу салдарынан бүлінген аумақтардың жалпы көлемі 250,6 мың гектар болған. Соның 4,9 мың гектары 2023 жылдың 12 айында бүлінген. Жалпы бүлінген жердің ең көп көлемі Маңғыстауға тиесілі.

- 2023 жылы 4,9 мың га жер бұзылды. Өңірлік жоспарда бұзылған жерлердің ең көп ауданы үш облыста: Маңғыстау – 70,5 мың га, Қарағанды – 33,4 мың га және Қостанай – 41,9 мың га, - деп жазылған министрліктің ұлттық баяндамасында.

Елдің жалпы аумағы 272,5 миллион гектар болса, соның шамамен 180 миллион гектары шөлейттенуге бейім.

Осыған дейін Қазақстанда қар мен жаңбыр жиілеп, тұман мен боран сирей бастағаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар