Кеңес өкіметіне бағынбай «банды» атанғандар қайта зерттелуі керек — тарихшы

ОРАЛ. KAZINFORM — 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осы орайда Kazinform тілшісі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаровпен сұхбаттасқан еді.

тарихшы
Фото Есқайрат Хайдаровтың жеке архивінен

— Есқайрат Ерболатұлы, саяси қуғын-сүргіннің ауқымы қандай болды деп ойлайсыз?

— Сталиндік зобалаңның ауқымы адам айтқысыз зор болды. Кеңес одағында 3 млн 777 мың адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, соның 642 мыңы атылды. Қазақстанда 103 мыңдай адамның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Батыс Қазақстан облысында 4 мың адам жазалау машинасының тырнағына ілікті. Бұл — тек қана ОГПУ үштігінің үкімімен сотталғандардың саны. Ал тергеу барысында тұтқында отырып, қайтыс болғандар еш жерде тіркелмеген. Кеңес өкіметінің күштеп ұжымдастыру саясатының кесірінен қонысын тастап үдере көшкендер де мыңдап саналады. 1930 жылдардың басында қазақ жерінде 2 млн-нан астам адам аштан қырылды немесе елден жыраққа босып кетті. 

Сотталғандар АЛЖИР, Степлаг, Карлаг секілді лагерьлерде азап шекті. Лагерьлерде өлген адамдардың көпшілігінің қайда жерленгені белгісіз, із-түзсіз жоғалып кеткендері бар. Олардың ұрпақтары әлі күнге дейін хабарласып, әкелерінің, аталарының қашан, қай жерде өлгенін, қайда жерленгенін білгісі келеді, бір дерек табылар ма екен деп үміттенеді. 2021 жылдан бастау алған 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссияның құрамында болған кезден бері хабарласып тұратын саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары бар. Сондықтан ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы қасіреттің жарасы бүгінгі таңда толықтай жазылды деп айта алмаймыз.

— Ал қуғын көргендерді ақтау жұмысы қалай жүргізіліп келеді?

— Бұл мәселе Сталин қайтыс болғаннан кейін басталды. Мысалы, Қазақстанда 1954 жылдың 1 маусымынан 1956 жылдың 1 маусымына дейінгі аралықта 35 853 адамға қатысты 28 631 іс қайта қаралды. 2 855 адам ақталып, істері тоқтатылды, 707 адамның қылмысының санаттары өзгертілді. 1960-1978 жылдары Қазақстанда 7 112 азамат ақталды. Дегенмен 1950-1970 жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жүзеге аспады.

Бұл іс КСРО-дағы М. Горбачевтың қайта құру саясатының барысында қайтадан қолға алынды. 1987 жылы 27 қыркүйекте КОКП ОК Саяси бюросының шешімімен арнайы комиссия құрылды. 1988 жылы 4 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы соты Алаш қайраткерлерін ақтау жөнінде шешім шығарды. 1989 жылы 16 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесінің 30-40 жылдар және 50 жылдар басындағы репрессия құрбандарына қатысты әділдікті қалпына келтіру бағытындағы қосымша шаралар жөніндегі Жарлығы жарық көрді. 1991 жылы қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Қазақстандағы ашаршылық пен жаппай саяси қуғын-сүргін мәселесін зерттеу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру жөнінде қаулы қабылдады.

— Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ше?

— Қазақстан дербес мемлекет болғаннан кейін 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі қарқын ала түсті. 1993 жылғы 14 сәуiрде Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. 1997 жыл Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жарияланды. Президенттің 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.

2020 жылы 24 қарашада Президенттің Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру жөніндегі Жарлығы шықты. 2021 жылы 31 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты үндеуі жариялағаны белгілі. Осылайша мемлекеттік саясаттың арқасында көптеген архив құжаттары құпиясыздандырылып, тарихшылардың жаңа зерттеу жұмыстарын жүргізулеріне жол ашылды. 2021-2023 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы бойынша зерттеу жұмыс тобының мүшелері оншақты кітап шығарды.

— Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі облыстық комиссия құрамында болдыңыз. Неге көзіңіз жетті, қандай зерттеу жұмыстарымен шұғылдандыңыз?

— Иә, комиссия мүшесі ретінде 2021-2022 жылдары Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінде сақталған құпия құжаттармен жұмыстандым. Ғылыми ізденіс нәтижесінде 1928-1930 жылдардағы Азғыр ауданындағы байлардың кәмпескелеуге қарсылықтарына, Жымпиты ауданы ауылдарындағы бас көтерулерге қатысты архив құжаттары табылды. Шыңғырлау ауданының № 16 ауылындағы, Орданың № 1, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарындағы, Жәнібектің Күйгенкөліндегі және Орал қаласы төңірегіндегі орыс поселкелеріндегі тұрғындардың ұжымдастыруға қарсы наразылықтары назардан тыс қалған жоқ. Жаңақала көтерілісі бойынша құжаттарды қайта қарадым.

Бір сөзбен айтқанда, 1928-1932 жылдардағы кеңес өкіметінің күштеп ұжымдастыру саясатына қарсы халық көтерілістері мен наразылықтары Батыс Қазақстан облысының аудандарын түгелдей дерлік қамтыған. ҚР ҰҚК арнайы мемлекеттік архивінің дерегі бойынша Батыс Қазақстан облысында 16 600 адам аталған халық көтерілістері мен наразылықтарына қатынасқан. 1930-1931 жылдардағы Жаңақала көтерілісі осы өңірдегі ең ірі әрі қарулы көтеріліс болды. 

1930 жылы Орал қаласы маңынан және Жымпиты ауданынан 41 адам ату жазасына кесілді. Олардан басқа 1930 жылдардың басында «Батыс Қазақстан облысынан контрреволюциялық ұйым құрды, кеңес өкіметіне қарсы шықты» деген желеумен 300-ден астам адам әртүрлі мерзімге концлагерлерге айдалды және жер аударылды. 
Оралдағы «DANA» орталығымен бірлесе отырып, 2022 жылы «Батыс Қазақстан облысындағы халық көтерілістері (1928-1932 жж.)» тақырыбындағы монографиялық еңбекті, 2023 жылы «Бөкей және Орал өңірлеріндегі бандитизм. 1921-1931. (ОГПУ хабарламалары бойынша)» атты құжаттар жинағын шығардық.

— Қазіргі уақытта немен айналысып жүрсіз?

— Бүгінде Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекшілігімен «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының негізгі базалық санаттары мен кіші санаттарын іргелі зерттеу және оларды толық ақтау процестері» мақсатты-қаржылық бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын жоба аясында жұмыс жасап жатырмын. Кеңес өкіметінің Қазақстандағы 1928-1932 жылдардағы ұжымдастыру саясатының зардаптары мен халық наразылығы мәселесін кеңірек зерттеуді мақсат етіп отырмыз.

— Кеңес өкіметі жылдарында «банды» атанып кеткендер аз болған жоқ. Бұған байланысты не айтар едіңіз?

— Кеңес өкіметі қызыл қырғынмен билікке келгеннен кейін өзіне бағынбағандарды «банды» атандырып, ГПУ кейін ОГПУ атанған құзырлы органы арқылы жергілікті кеңестік атқарушы комитеттермен, милициямен бірге «бандитизм» деген желеумен күрес жүргізді. Ондағы мақсат кеңес билігіне мойынсұнбағандарды ұстап, аяусыз жазалау болды. Мұндай бағыттағы қатал саясат 1920-1930 жылдары Бөкей және Орал өңірлерінде де жүзеге асырылды. Бұл тұжырымға Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінен табылған тарихи құжаттардағы деректердің негізінде келіп отырмыз.

1923 жылдан бастап ОГПУ хабарламаларында кеңес өкіметінің «солақай саясатына» ашық түрде қарсы шыққан Ерғали Аязбаев, Аманғали Кенжеахметов, Құныскерей Қожахметов сияқты белгілі күрескер тұлғаларға қатысты деректер бар. 

— Басқа кімдерді атар едіңіз?

— Олардан бөлек, халыққа есімі бұрын көп таныс емес Мұхамбетқали Дүйсенбиев, Боқай, Фатых, Салых Сәбитовтер, Нұғыман Досқалиев, Орынғазы Ұсағалиев, Нұрсұлтан Жанбурин, Мыңжас Мырзасейтов және басқалар туралы мәліметтер кездеседі. ОГПУ-дың Бөкей губерниялық, кейінгі уездік атқару комитетіне, Орал губерниялық комитетіне, жергілікті прокуратураға, милицияға жолдаған арнайы оперативтік ақпарларында саяси қудалауға ұшыраған есіл ерлер «бандылар», «бандылық топтар» деп көрсетілді.

1929-1931 жылдарға қатысты архив құжаттарында да «бандылар», «бандшайкалар», «бандитизммен күрес» деген сөздер жиі ұшырасады. Яғни, бұл кезеңде кеңес үкіметінің күштеп ұжымдастыру саясатына қарсы шығып, халық наразылығына жетекшілік жасаған, кейін кеңес өкіметіне бағынбай, қашып жүрген адамдар да «банды» атанды. Олар — Қаратөбе ауданының № 3 ауылының тұрғындары, кезіндегі байлар Бисенғали және Мамай Беркеневтер, Жаңақала көтерілісі кезінде жетекшілік жасаған немесе көтерілісшілерге ықпал еткен Мұхит Ермұхамбетов, Қисмет Қадырғалиев, Жұмағали Жанғожин, Бекжан Ағысов, Қуанышев және басқалар. Сондай-ақ 1930-1931 жылдардағы халық көтерілістері мен наразылығынан кейін Тасқала өңірінде 70 шақты адамның қашып жүргені ОГПУ-дың тергеу істерінде айтылады. Шындығына келгенде, бұлар банды болды ма?

— Ендеше тарихшы ғалым ретінде сіздің көзқарасыңыз қандай?

— Менің айтарым, «Бандитизммен күрес», «бандылар», «бандылық топтар», «бандшайка» дегенді ойлап тапқан кеңес өкіметінің өзі еді. Қазіргі тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік идеологиясы және жаңа тарихи сана тұрғысынан қарағанда, бұл азаматтарды бостандық, теңдік, еркіндік үшін күрескендер, сталиндік саяси қуғын-сүргіннің құрбандары деп тануымыз керек. Сонда ғана тарихи әділеттілік орнайды. «Бандылар» тарихы жаңаша тұрғыдан зерделеніп, бостандық үшін күрескен тұлғаларға дұрыс тарихи баға берілуі керек. Сонымен қатар олардың жанқиярлық әрекеттерін кеңес өкіметінің әділетсіз саясатына қарсы бағытталған қарсылық қозғалысы ретінде қарастыруымыз қажет.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын тарихшы Альфия Байболсынова Батыс Қазақстанда саяси тұтқындар қамалған бірнеше лагерь болғанын айтқан еді.  

Соңғы жаңалықтар