Кейбір шетелдік байқаушының сайлауға қатысты сыни пікірі Қазақстанның халықаралық имиджіне кері әсер етпейді - ҚР ОСК мүшесі М.Сәрсембаев

- Марат Алдаңғорұлы, еліміздің халықаралық имиджіне шетелдік сарапшылардың берген бағалары қалай әсер етуі мүмкін?
- Әрине, халықаралық сарапшылар мен президенттік сайлауды байқаушылардың берген оң бағалары еліміздің халықаралық имиджін көтереді. Керісінше, сайлауды немесе оның жекелеген қырларын теріс бағалау тиісінше сол немесе өзге халықаралық ұйымға қатысушы мемлекеттердің алдында мемлекет имиджін түсіреді. Әдетте, Еуропа Кеңесінен байқаушылар делегациясы, ТМД-дан байқаушылар миссиясы, ШЫҰ-дан байқаушылар миссиясы, Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының миссиясы қазақстандық сайлауға оң бағасын береді. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы елімізде өткен сайлаудың бірқатар қырлары бойынша оң баға берсе, ал бірқатар қырлары олардың пікірінше мынадай кемшіліктердің болуына байланысты сыни сипатқа ие: жалпы баға әдетте сайлауды ұйымдастырушылар іс-әрекеттерінің демократиялық сайлаудың бірқатар халықаралық қағидаттарының үйлесімсіздігіне әкеп саяды. Орталық сайлау комиссиясы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының теріс бағалауымен келіспейді. Оларды заңға қайшы деп санайды. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның әрбір ескертулерін сыни талдауға алып, қарсы дәлелдер арқылы мұндай бағалауды теріске шығарды. ОСК ұстанымы жеке құжат және ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы есептерінің бағалаулары мен қорытындылары бойынша түсіндірмелерінде қазақша, орысша және ағылшын тілдерінде түсіндірме береді. Олар ОСК-ның (www.election.kz) сайтында орналастырылады. Ал, ағылшын тіліндегі жеке данасы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның штаб-пәтеріне жіберіледі. Әр жыл сайын біз Варшавада өтетін адами өлшем жөніндегі конференцияларға қатысып, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының сайлау жөніндегі бағалаулары орынды емес екенін ЕҚЫҰ-ға мүше 57 мемлекеттің өкілдері алдында дәлелдейміз. Сондықтан ЕҚЫҰ/ДИАҚБ аппаратының кейбір өкілдері қалағандай еліміздің халықаралық имиджі зиян шекпейді.
- Ал халықаралық байқаушылардың сайлау заңнамасын жетілдіру туралы ұсынымдары қаншалықты сындарлы? Олардың арасында қабылданғаны бар ма?
- ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының жуырдағы сайлаулар бойынша ұсынымдарының едәуір бөлігі сайлау ережелері мен қырларына және сайлауға қатысты заңнамаларды жетілдіру қажеттілігіне қатысты болды. Алайда, миссия сарапшылары қазақстандық заңнаманы зейін қойып, жеткілікті зерттемеген. Басқа ұсынымдары конституциялық нормаларға, тіпті, ЕҚЫҰ құжаттарының нормаларына да қайшы, 2 ұсыным қосымша зерттеуді талап етеді. 90-шы жылдары, 2000-шы жылдары миссия сындарлы ұсынымдар жасап, олар еліміздің сайлау заңнамасына енгізілген еді. Ал 2004 жылы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның сайлау комиссияларын саяси партиялардың өкілдерінен құру, сайлау комиссияларының жұмысына мемлекеттік орган тарапынан шектен тыс араласуға тыйым салу, байқаушылардың сайлау процестерінің барлық кезеңдеріне сөзсіз қатыса алуы туралы ұсынымдары қабылданды. 2009 жылы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның халықаралық байқаушыны аккредиттемеу үшін оның сайлауды байқау тәжірибесінің болмауы туралы негіздемені сайлау туралы заңның 20-2-бабынан алып тастау туралы ұсынымы орындалды.
- Сайлауды байқауға келген халықаралық сарапшылар тарапынан Қазақстан заңнамасының талаптарын бұзылуы қаншалықты жиі орын алады?
- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 20-2-бабының 6-тармағына сәйкес халықаралық байқаушылар жалпы «өздерiнiң байқағандарын, анықталған заң бұзушылықтар туралы сайлау комиссияларының мүшелерiн хабардар етуге, ұсынымдар енгiзуге» міндетті. Бірақ тәжірибеден өткен президенттік және парламенттік сайлауларда ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының көптеген байқаушылары жер-жерде сайлау комиссияларының мүшелеріне жұмыстарында ешқандай ескертулердің болмағаны туралы хабарлап, содан кейін олардың сыртынан миссия басшысына қандай да бір ескертулерді баяндағанын көреміз. Осындай жағдайлар мемлекеттің көптеген аймақтарында орын алған. Басқаша айтқанда, екі түрлі стандарт үлгісін қолданған. 2000 жылдардың басында Қызылорда облысының бір сайлау учаскесінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ байқаушысының сайлау туралы заңның 20-2-бабы 7-тармағының 2-тармақшасын бұзған (бюллетеньдерді байқаушының өзі санаған) жағдай орын алған. Қазақстан заңнамасы мен ЕҚЫҰ тәжірибесінде бұл сайлау процесіне, «дауыс санау рәсіміне» кедергі келтіру болып бағаланады. Біз ЕҚЫҰ/ДИАҚБ басшылығынан бұдан былай мұндай заң бұзушылыққа жол бермеуді талап еттік, олар уәде берді және содан кейін мұндай заң бұзушылықтар байқалған жоқ.
- Сұхбатыңызға рахмет!