Кейінгі бес жылда білім гранттарының саны шамамен 30 мыңға артты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жоғары білімді мемлекеттік қолдау жүйесі кезең-кезеңімен кеңейіп келеді. Соның нәтижесінде бюджет қаражаты есебінен жоғары білім алу мүмкіндігіне ие түлектер саны жыл сайын артып келеді.
Үкіметтің мәліметінше, соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік білім беру гранттарының саны шамамен 30 мыңға көбейді. 2025-2026 оқу жылында олардың жалпы саны 93 232-ге жетті. Оның ішінде 77 084 грант бакалавриатқа, 13 229 грант магистратураға және 2 919 грант докторантураға бөлінді.
Сонымен қатар талапкерлерге жергілікті атқарушы органдардың, салалық бірлестіктердің, жоғары оқу орындарының және қоғамдық қорлардың гранттары арқылы қосымша қолдау көрсетіліп келеді.
Жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа қаржылық тетіктер де енгізілуде. Елімізде жеңілдетілген білім беру несиесі жұмыс істейді, ал 2025 жылдан бастап отбасыларға балалардың білім алуына алдын ала қаражат жинауға мүмкіндік беретін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі іске қосылды.
Қазақстан халықаралық білім беру ынтымақтастығын да кеңейтіп келеді. Қазір елімізде АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Ресей және басқа да мемлекеттердің жетекші жоғары оқу орындарының 32 филиалы жұмыс істейді.
Кейінгі жылдары қазақстандық университеттердің Қырғызстанда, Өзбекстанда, Тәжікстанда және Ресей Федерациясында филиалдары ашылды. Сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының жартысынан астамы әлемнің 24 еліндегі 131 университетпен бірлесіп қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда.
Үкімет мәліметінше, қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері де жақсарып келеді. QS World University Rankings 2026 рейтингінде еліміздің 20 жоғары оқу орны енсе, Times Higher Education 2026 рейтингінде алғаш рет бес қазақстандық университет әлемнің үздік жоғары оқу орындары қатарына кірді. Сонымен қатар, Nazarbayev University әлемнің үздік 500 университетінің қатарына енді.
Студенттік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр. 2018-2025 жылдар аралығында елімізде 281 жатақхана салынып, реконструкцияланып және пайдалануға берілді. Оның ішінде жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған 51 323 орындық 182 жатақхана және колледж студенттеріне арналған 20 802 орындық 99 жатақхана бар.
2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес жоғары оқу орындарының жатақханаларында 70 мың жаңа төсек-орын енгізу жоспарланған. Сонымен бірге әлеуметтік осал санаттағы студенттерге жатақханада тұру шығындарын өтеуді қоса алғанда, қосымша мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.
Еске салайық, бұған дейін елімізде оқу үшін 550 шетел азаматына білім гранты берілгенін жазған едік.