Кездесуде Қазақстанның 20 жылдағы жетістіктері сөз болды

ТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Пар­ламенті Мәжілісі төрағасы­ның орынбасары Жә­ні­бек Кәрібжанов Индонезия Республикасы Конституциялық сотының Төрағасы Мохаммад Махфуд мырзамен кездесті, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.

Кездесуде Қазақстанның 20 жылдағы жетістіктері сөз болды

Кездесу барысында Қазақстан мен Индонезия арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту мәселелері, оның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты нығайту жайы сөз болды.

Мәжіліс төрағасы­ның орынбасары мейманға Қазақстанның экономикалық дамуы, ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымы туралы әңгімелеп берді. Қазақстан бастамаларына қолдау білдіріп келе жатқан Индонезия тарабына ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар Астанада Әлемдік діндер көшбасшыларының үш рет съезі өткені, жас мемлекетіміздің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткені, 11 жыл бойы өткізілмей келген ЕҚЫҰ Саммиті Елордамызда тоғысуы және Астана Декларациясының қабылдануы әңгіме арқауы болды. Биыл Қазақстанның Ислам Ынтымақтастық Ұйымына жетекшілік ету міндетін өз қолына алғаны да мәлім етілді.

Қазақстан экономикасы туралы сөз болғанда үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асып жатқаны, Индонезия кәсіпкерлері осы бағдарламаға үн қосамын десе, есігіміз ашық екені айтылды.

Жә­ні­бек Кәрібжанов кездесуде Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту қарсаңында мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асқан жетістіктер жөнінде ой қозғады.

Кездесу соңында Мәжіліс төрағасы­ның орынбасары бірқатар халықаралық форумдарға Қазақстан парламентшілерін шақырғаны үшін мейманға ризашылығын білдірді.