ҚХА атынан сайланған депутаттар Мәжілістің 7 комитетінде жұмыс жасайды - Надежда Нестерова
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары ҚХА және этномәдени бірлестіктердің мүшелерімен кездесті.
Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жұматай Әлиев, Егор Каппель, Роман Ким, Ахмед Мұрадов, Надежда Нестерова, Юрий Тимощенко, ҚХА Кеңесінің мүшелері, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, қоғам қайраткерлері қатысты.
«ҚХА атынан ҚР Парламент Мәжілісінде 9 депутат сайланған. Осы 2,5 жылда біздің депутаттық топ нағыз пікірталас алаңына айналды. Біздің жиындарда өте өзекті мәселелер шешіледі. Әрине, пікірлер әртүрлі, үнемі қызу пікірталас болады. ҚР Парламент Мәжілісінің 7 комитетінде де біздің өкілдер бар. Менің өзім 3 жылда 56 заң жобасына қорытынды шығардым. Бүгінгі таңда жұмыс тобы 39 отырыс өткізді. ҚР Президенті, ҚХА төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың облыстық мәслихат ішінде біздің жұмыс тобына ұқсас депутаттық топтарды құру туралы тапсырмасы да өз деңгейінде орындалды. Аталған топтар Қазақстанда бейбітшілік пен келісім мәселелерін қадағалайтын болады», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Надежда Нестерова.
Кездесу барысында депутаттардың атқарған жұмысы бойынша есептер тыңдалып, ҚХА жылының аралық қорытындысы шығарылды.
Сондай-ақ, ҚХА жылын ұйымдастыру және өткізу бойынша өткен мемлекеттік комиссия отырысында жүктелген тапсырмалар қарастырылды.
Кездесу соңында Түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Әлиев Азиз «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.